Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен «Асарлатып үй салу» жобасы барлық ауданда жүзеге асырылып жатыр.
Жаңа жоба жүректе жасырылған тылсым қасиеттердің жарқырап көрінуіне, ықылым заманнан бері қазақтың әдет-ғұрпында өзіндік орны бар бағасыз құндылықтарға қайта соқа салды. Қамқорлық – қараңғылықтың түндігін серпіп ашар нұр екенін тағы бір мәрте дәлелдей түскен бастамаға үн қосып, қолдау білдірушілердің қатары көп. Нәтижесінде, облыс көлемінде 120-ға жуық тұрғын үй желтоқсанның соңына дейін пайдалануға берілмек.
Көптің демеуімен еңсе тіктеген баспананы алып қарайтын болсақ, аядай ауыл пайда болғанын аңғару қиын емес.
— Аз ғана уақыт аралығында әсем үлгідегі баспананың бой көтеруіне жергілікті кәсіпкерлер мен ауыл тұрғындарының арқасы. Бүгінде айналасын қоршап, шатырын жауып, терезелерін орнатты. Барлық алғысты ұйымшылдықтың ерең үлгісін көрсеткен тұрғындарға айтамын, — дейді ауыл әкімі Қайрат Жатқанбаев. Алдағы айтулы мерекеге орай баспана кілтін табыс етуді көздеген көпшіліктің ісіне береке жолдас болғаны даусыз.
Жамбыл ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі






