Тараз қаласы әкімінің есебі №7 округте жалғасты. Жиынға тұрғындармен қатар облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты.
Нақты нәтижеге тоқталсақ, көптің сұранысы бойынша Қарахан көшесі №2 көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жергілікті бюджет есебінен, 11,3 шақырым жол орташа жөндеуден өтті. Сондай-ақ Сағындықов көшесі № 4А, 6 үйлердің ауласындағы алаңша абаттандырылды. Сан саладағы тірліктерді тиянақтап жеткізген қала басшысы биылғы жоспармен де бөлісті. Зерделеу қорытындысы бойынша биыл округке қарасты Громов көшесін бұрылыстарымен бірге, Өзбек көшесінің бұрылыстары, М.Қашқари көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ал, Ташкент көшесі күрделі жөндеуден өткізіледі. Жарықтандыру жобасына 19 көше, бұрылыстары енгізілді. 9 аула алаңдары абаттандырылады және 3 кіші футбол алаңшасы салынады.
Жиында Бердібек Сапарбаев: « Өткен жылдың өзінде қала бюджетіне 38 млрд теңге бөлініп, ауқымды істер атқарылды. Оған сіздер куәсіздер. Жақсы жобалар биыл жалғасын табады. Мәселен, қалада «Асарлатып үй салу» арқылы 15 үй пайдалануға берілді. Биылда баспанаға қажет жандарға көмек қолын созамыз. «Таразға тарту» арқылы шаһарда 16 жобаны жоспарладық. Осылармен қатар көпшілік көтерген мәселе үнемі біздің назарда» – деді.
«Таразға тарту» жобасының игілігін көрген тұрғындардың басым бөлігі мөлтек аудан тұрғындары. Кезекті есеп №8 округте жалғасты. Жиынға ақсақалдар, белсенділер және тұрғындар қатысты. Өткен жылы 1,1 млрд теңгеге 24 көппәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Көпқабатты тұрғын үйлердің аула алаңшаларын абаттандыруға 86,7 млн. Теңге бөлініп, «Самал» шағын ауданы №7,16,17,21,45,46, «Мыңбұлақ» шағын ауданы №54,55 көпқабатты тұрғын үйлердің аула алаңшалары абаттандырылды.
Баяндамадан кейін Е.Жылқыбаев биылғы жоспарларды бөлісіп, көптің тілегіне құлақ түрді. Өз кезегінде тұрғындар көпқабатты үйлерді қайта жөндеу, ойын алаңша қажеттілігі және қаңғыбас иттердің көзін жою сынды мәселелерін көтерді. Барлық көтерілген сауалдлар зерделеніп, салалық жауаптыларға тапсырма жүктелді.