Рамазан – сауаптар еселенетін ай. Атақты ғұлама Ибн Ражаб әл-Ханбали өзінің «Латаифул-маъариф» атты кітабында былай дейді: «Ізгі амалдың сауабының ерекше еселенуінің себептері бар. Біріншісі, ізгілік жасалған жерге қатысты. Яғни орынның құрметтілігіне қарай онда орындалған іс-амалдың сауабы да еселенеді. Сондықтан да Мекке мен Мәдинадағы қасиетті мешіттерде оқылған намаздың сауабы айрықша. Пайғамбар (с.ғ.с): «Менің мешітімде оқылған бір намаз әл-Харам мешітінен өзге мешіттерде оқылған мың намаздан артық», – деген. Қасиетті мешіттерде орындалған ғибадаттардың сауабы да үлкен.
Ізгі амалдың сауабының еселенуінің тағы бір сыры оның орындалған уақытына байланысты. Мысалы, зул-хижжа айының алғашқы онкүндігінде және рамазан айында жасалған қайырлы істердің мәртебесі биік. Бір хадисте «Қай садақа қайырлы?» – деп сұраған кісіге Пайғамбар (с.ғ.с): «Рамазан айында берілген садақа»,– деп жауап берген.
Енді садақаға келетін болсақ, қоғамда сол садақаны кім жинайды, ол қайда кетеді, зекет деген не деген сұрақтар көп. Ең алдымен пітір садақаның не екенін және оның зекеттен қандай айырмашылығы бар екенін ажыратып алайық.
Пітірді беру парыз емес. Иә, таңқалмаңыз! Ханафи мазхабы бойынша Рамазан айында мұсылман адамның өзі және отбасы үшін пітір садақа беруі – уәжіп. Тұрмысы нашар, яғни артық мал-мүлкі нисаб мөлшеріне жетпеген кісі пітір садақа беруге міндетті емес, сауап үшін беріп жатса өз еркі. Алайда, садақаны өзінен де жағдайы төмен адамға бергені дұрыс. Әйелі және үлкен балаларының жағдайлары жетіп тұрса, олар пітір садақаны өздері үшін береді. Ал олар үшін де пітір садақа берген адам, әлбетте сауаптан құр қалмайды. Қайтыс болған адамдарға, ана құрсағындағы балаға пітір садақа берілмейді.
Енді зекетке келейік. Біз мешітке келгенде, бас имам жұма уағызына дайындалып отыр екен. Уағыз тақырыбы: зекет.
— Зекет – Ислам дінінің негізгі бес тірегінің бірі. Зекет тілдік тұрғыда: тазару, өсу, өну, арту және береке деген мағыналарды білдіреді. Ал шариғатымызда зекет деп – нисап көлеміне жететін дәулеті бар мұсылман кісінің Алла разылығы үшін байлығының бір бөлігін жылына бір рет Құранда көрсетілген топтағы адамдарға беруді айтады. Алла Тағала Қасиетті Құранның көптеген аяттарына зекетті намаз құлшылғымен бірге бұйырған. Хакім Абай да «Руза, намаз, зекет, хаж – талассыз іс, Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс…» – деп, мұсылман адам бес парызын толығымен орындау керектігін айтқан. Алла Тағала Қасиетті Құранда «Анығында садақалар (зекеттер) жоқ-жітікке, кедейлерге және оған (зекетті жинауға) қатысты жұмыс істеушілерге, жүректері бұрылатындарға (ислам дінін жаңа қабылдағандарға), құлдарды азат етуге, қарызы барларға, Алла жолына және (жолда қалған) жолаушыға, Алла тарапынан (белгіленген) парыз ретінде, (осыларға) тән. Алла бәрін Білуші, аса Дана» деген, — деп түсіндірді Бейбіт Әліпбекұлы.
Сонымен, зекет, аятта айтылғандай, мынадай кісілерге беріледі:
Бірінші мұқтаждарға. Мұқтаж дегеніміз бай болып саналмайтын, нисаб мөлшерінде дүние-мүлкі жоқ адамдар.
Екінші, кедейлерге. Кедейлер деп ештеңесі жоқ адамдарды айтамыз.
Үшінші, зекет жинаушыларға. Яғни, зекетті таратуға, жеткізуге тағайындалған кісілер.
Төртінші, жүректері жұмсарған кісілерге. Бұл ислам дінін жаңа қабылдағандарға, дінді енді түсініп жатқан кісілерге.
Бесінші, құл азат етуге.
Алтыншы, борышы бар кісілерге. Дүние-мүлкі нисаб мөлшеріне жетпейтін, қарызы бар адамдар.
Жетінші, Алла жолындағы адамдарға. Бұлар – Алла жолындағы дін қызметкерлері.
Сегізінші, жолаушыға. Өз елінде дүние-мүлкі болса да, жолда ақшасыз қалып қойған кісілер.
Ал, зекет кімге берілмейді? Өзінің әке-шешесі мен ата-әжелеріне; өз ұл-қыздарына және олардан тарқаған немерелері мен шөберелеріне; әл-ауқатты бай адамдарға; мұсылман емес кісілерге; ерлі-зайыптылар бір-біріне бермейді.
-
Қоғамды қызықтыратын сұрақты да қойдық: мешітке түскен садақа қайда кетеді?
Мұқтаждарға. Қазірдің өзінде көмек алуға біздің мешітте 1500 аса адам тіркелген. Біз әр келген адамды сол тізімге енгіземіз. Кәдімгі электронды дерекқорымыз бар. Адамдар көмекті ең алдымен мешітке келіп сұрайды. Мысалы, пітір садақа биыл 640 теңгені құрайды. 10 адамнан тұратын отбасы пітір берсе, 6400 теңге ғана. Бірақ ондай отбасылар бізде аз. Зекет берушілер мен демеушілердің арқасында қолдан келгенше көмек беріп отырмыз. Оның үстіне мешіттер мемлекеттен қаржыландырылмайды. Ал, бізге келіп түскен қаражаттың барлығы есеп-қисап бөліміне тіркеліп, 1-С бухгалтерия бағдарламасы арқылы бақылауда болады. Біз басқа ұйымдар сияқты заң жүзінде жұмыс атқарып, салық төлейміз, — деп жасырмады Бейбіт Әліпбекұлы.
Сонымен қатар, адамдар садақаны мешітке бергенде, ол басқа адамдермен қарым-қатынасына кері әсерін тигізбейді. Мәселен, адам өздігінен мұқтаж екен-ау деп танысы не басқа адамға садақа берсе, сол адам өзін ыңғайсыз сезінуі мүмкін. Осы орайда мешіттер адамдар арасындағы дәнекер функциясын атқарады.
Зекет туралы Шәкәрім Құдайбердіұлының: «Құдай Тағаланың пақырлар үшін жүз қойдан бір қой зекет бізге осынша ауыр көрінгені қалай? Тегінде байқасаңыз бізге көрінбей тұрса да бізді теріс жолға қызықтырып, оң жолдан жиіркендіріп тұрған бір нәрсе бар емес пе? Сол шайтан деген жауыңыз. Не қылсаңыз соған алдатпа» деген сөзі бар.
Абай Хакім де өзінің әкесі Құнанбай қажыны:
«Мұсылманға қоймаған,
Орынсыз жанжал шатақты.
Зекет жиып, егін сап,
Тойдырған ғаріп, жатақты» – деп сипаттаған.
Ахат Шәкәрімұлы да өз естелігінде Құнанбай қажы жайында: «Бұрын зекет беруді білмейтін байларға малынан зекет беруді орындатып, оларды нағыз нашар, кемтар, жетім-жесірлерге бергізген», – деп жазған. Ал, Ыбырай Алтынсарин: «Біреудің еңбегі дүниеде пайда болып табылып, бай болады. Біреудегі пайда бола алмай жарлы болады. Соның үшін де пақыр, міскіндерге байлардан Құдай Тағала зекет, хайыр-садақалар бұйырды. Бірақ осындай рахымды болуды Құдай Тағала сүйемін һәм ақыретте бұл қайырларының орнына жұмақ бұйырып, мәңгі рахатта қалдырамын деп уағда етті. Егер дүниедегі малды Құдай бергеніне түсінбей, жалғыз өз малым деп, бар зекет-хайырдан тоқталған адамдар, яғни өзі қолынан келіп тұрғанда бөтенге хайыр етуді білмеген адам өзгеден һәм хайыр үміт етпесе керек», – деген екен.
Асыл дініміз осылайша көптеген үкімдерінде мұсылмандардың өзара байланысының нығаюына, сүйіспеншіліктерінің артуына ерекше мән береді. Бұл тек Алланың адамзатқа парыз етілген амалы ғана емес, ата-бабаларымыздың бізге өсиет еткен ғибраты.
Авторы: Айжан Ауелбекова
Мақала Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының ақпараттық саясаты тапсырысы негізінде жарияланды