Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігі архивінен алынған Қазақстан Президентінің әкесі, гвардия сержанты Кемел Тоқаевты марапаттау парағын табыстады. Құжатқа сәйкес, ол Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған.
Алайда бұл атақты ҚР президентінің әкесі көзі тірісінде ала алған жоқ.
Кемел Тоқаев Польша аумағындағы ұрыстарда көрсеткен ерлігі үшін ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен наградталған.
«Мен бұл бастамаға қатты толқыдым. Бүгін өте маңызды күн. Сіздерді және бүкіл Ресей халқын осы мерекемен құттықтағым келеді. Сіздер бүгін атап өткендей, бұл — ортақ мереке. Майдангерлер осы күнді әрдайым құрметтеп келеді, өйткені Жеңіс күні олар үшін жылдың және өмірлерінің ең маңызды күні. Олар соғыста қайтыс болған жолдастарын әрдайым еске алды, әрине, олар үшін бұл ұмытылмас естелік болды. Бұл мықты ұрпақ еді, олар — шын мәнінде, жеңімпаз және азат етуші халықтың, іс жүзінде біртұтас халықтың туын биік көтерген адамдар. Қалай болғанда да бұл тарих. Менің туған ағам осы жақта — Ржевте, Ржев ауданында жерленген. Мен оның қабірін 2009 жылы таптым — ол бауырластар қабірінде жерленген», — деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев марапаттау қағазын қабылдай отырып.
Рәсім 9 мамыр — жеңіс күніне орайластырылған іс-шаралар аясында өтті.
Бұған дейін біз екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Қазақстан президентінің әкесі Кемел Тоқаев Польшадағы ұрыста батылдық көрсетіп, бес жаудың көзін жойып, біреуін тұтқынға алғанын жазғанбыз.
Қайтар кезде ол жарылғыш оқпен аяғынан ауыр жарақат алған. Дәрігерлер ампутацияға дайындалды, бірақ оны жас хирург Гавриил Илизаров өзінің болашақ өнертабысы — сүйектерді қалпына келтіру аппаратының прототипін қолданып құтқарып қалды.
2024 жылы президенттің Жетісу өңіріне жасаған сапары барысында ол Үштөбе қаласында орналасқан Кемел Тоқаев атындағы орта мектепке барды.
Биылғы қаңтар айында Тоқаевтың «Әке туралы ой-толғау» атты аудиокітабы шықты.