Еліміздегі енгізілген Төтенше жағдай және карантин режимі салдарынан көлік қызметіне шектеу қойылып, «Көлік және қоймалау» әлеуметтік-экономикалық көрсеткішіне кері әсерін тигізді. Мәселен, 2020 жылдың 9 айында жұмыс көлемі облыста 330,5 млрд. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 7,1% азайды, дегенмен, бұл республикалық орташа көрсеткіштен 4,0%-ға жоғары (облыстық – 97,2, республика – 93,2).
«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында Тараз қаласындағы қоғамдық көліктерге электрондық билеттендіру жүйесі енгізілуімен, жолаушылар ағымының нақты саны анықталып, жасырын қаржы айналымы жойылды. Жүйе енгізілгенге дейін тасымалдаушылар статистикалық ай сайынғы есепте көрсетіп жүрген жолаушылар саны, жүйе енгізілген күннен бері 50% дейін өскен.
Бүгінде қаладағы 82641 бірыңғай, 7520 оқушы карталары сатылды, сатылымда 32759 бірыңғай, 12480 оқушы картасы бар. Қосымша 34600 бірыңғай, 30000 оқушы картасына тапсырыс берілді (жалпы біріңғай 67359, оқушы 42480).
Бүгінге 297 дана стационарлық терминал және 346 мобильді терминал орнатылды.
Көлік карталарын сататын қаладағы 15 сату пунктінде және пайдаланушыларға қызмет көрсету орталығында бүгінгі күнге ұзын-сонар кезек жоқ. Мәселе күнделікті бақылауда.
Облыс бойынша 341 елді мекенді аудан және облыс орталықтарымен байланыстыратын 200 автобус маршруттары ұйымдастырылған, оның ішінде 25 маршрут облысаралық, 59 – ауданаралық, 74 – ауданішілік және ауылішілік, 42 – қалалық болып табылады.
Бұл бағыттарда 1324 бірлік автобуспен (187-облысаралық, 248-ауданаралық, 314 — ауданішілік, 575 – қалалық және қала маңындағы) 29 тасымалдаушы қызмет көрсетеді.
Қалалық бағыттарға жеке меншіктегі 10 тасымалдаушы мекеме 575 бірлік автобуспен қызмет көрсетеді. Облыс бойынша автобустардың орташа пайдалану мерзімі – 9 жылды құраса, Тараз қаласында автобустардың орташа пайдалану мерзімі – 6 жылды құрайды, тозған автобустардың үлесі (7 жылдан жоғары) – 144 бірлік немесе 25%.
Тасымалдау сапасын және қауіпсіздік деңгейін арттыру үшін автобус парктерін кезең кезеңімен, яғни жыл сайын кемінде 50 бірлік автобустан жаңарту жұмыстары бақылануда. Мәселен, облыста 2018 жылы – 71 бірлік, 2019 жылы – 81 бірлік автобус сатып алынса, жоспар бойынша 2020 жылы – 50 бірлік, 2021-2024 жылдар аралығында тасымалдаушылар есебінен 200 бірлік жаңа автобус сатып алу жоспарланып отыр.