Отбасылық-демографиялық ахуалды жақсарту үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен халықтың денсаулығын сақтау, әлеуметтік қорғау, білім беруді дамыту, жұмысқа орналастыру, тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданып, кешенді қолдау жүргізілуде.
Қазіргі уақытта отбасы саясаты саласындағы өкілетті орган ретінде Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бекітіліп, құрылымында Жастар және отбасы істері жөніндегі комитет жұмыс істейді. Комитет отбасы саясатын қалыптастыру механизмдерін тиімді іске асыру, отбасы мәселелері бойынша республикалық және халықаралық іс-шараларды ұйымдастыру, отбасы саясаты саласындағы үрдістерді жүйелі талдау бойынша негізгі функцияларды атқарады.
Өңірлік деңгейде отбасылық саясат мәселелерімен айналысатын құрылымдардың функциялары білім беру, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, ішкі саясат басқармалары бойынша бөлінген.
Тұрғын үйге халықтың қол жеткізуін көздейтін «Бақытты отбасы», «Шаңырақ», «7-20-25», «5-10-20», әлеуметтік топтар үшін сатып алусыз жалға берілетін тұрғын үй, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастар үшін жалға берілетін тұрғын үй және басқа да жеңілдікпен несие беру бағдарламалары іске асырылуда.
Президент тапсырмасы бойынша өңірлерде «Жанұя», «Бақытты отбасы» отбасыларды қолдау орталықтарының қызметі ұйымдастырылды.
Биылғы Жолдаудың үлкен жаңалықтарының бірі – «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасы әзірленуде. Бағдарлама шеңберінде экстракорпоральды ұрықтандыру бойынша бөлінетін квота санын 7 мыңға дейін ұлғайту қарастырылған. Нәтижесінде көптеген отбасылар бала сүю мүмкіндігіне ие болады.
Салааралық сипаттағы Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасының екінші кезеңін іске асыру басталды. Осы жылдың мамыр айында Үкімет индикаторлар және оларға қол жеткізу бойынша жобалары берілген тиісті іс-шаралар жоспарын қабылдаған болатын. Өңірлерде тиісті жоспарларға өзгерістер енгізіліп, жұмыс жоспарлары жүйелендірілді.
Министрлік тарапынан гранттық қаржыландыру шеңберінде бірқатар әлеуметтік маңызы бар жобалар жүзеге асырылуда. Ағымдағы жылы пандемияға байланысты жобаларымыз онлайн форматта іске асырылды. Онлайн форматтың бір ерекшелігі – іс-шараларға Қазақстанның барлық өңірлерінен көп қатысушыны қамтуға мүмкіндік берді. Жобалардың басым бөлігі жастар арасында отбасылық құндылықтарды нығайтуға, репродуктивті денсаулықты нығайтуға, әке институтын қолдауға және дамытуға, дағдарыс орталықтарының қызметін жетілдіруге, мүмкіндіктері шектеулі балаларды қолдауға бағытталған.
Отбасы саласындағы мәселелерді дер кезінде анықтап, тиісті шаралар қабылдау үшін зерттеу институттарының қызметіне жүгінеміз. «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының құрылымында 2019 жылдан бері Отбасы институтын зерттеу орталығы жұмыс жасайды. Биыл Орталық ерте неке, көпбалалы отбасылардың жағдайын зерттеу, кинодағы гендерлік стереотиптер, отбасылық-демографиялық саясат мәселелері бойынша бірқатар әлеуметтік зерттеулер жүргізді.
«Қазақстандық отбасылар-2020» ұлттық баяндамасы әзірленді. Ұлттық баяндамада Covid-19 пандемиясының отбасыларға тигізген әсері ескеріліп, қазақстандық отбасылардың жағдайына талдау жасалды. Талдау қорытындысы бойынша саладағы шешімді талап ететін мәселелер анықталып, мүдделі мемлекеттік органдарға ұсынымдар берілді. Алдағы жоспарларымызға сала сарапшыларының берген ұсыныстары негізінде өзгерістер енгізілетін болады.
Өзекті мәселелер қатарында некеге тұрғандар санының азаюы, ажырасулар санының артуы, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері келтіріледі.
Қазақстан бойынша статистикаға көз жүгіртсек, соңғы бес жылда некеге тұрғандар санынан ажырасулар үлесі 6,5%-ға артқаны байқалады (2019 жыл – 42,8%, 2015 – 36,3%). Ажырасулар саны 2020 жылғы 9 айда былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда біршама төмендеп, 17301 құрады (2019 жылғы 9 айда — 45204).
Сауалнама нәтижесі бойынша қазақстандықтардың көпшілігі ажырасуға қарсы (88,3%). Ажырасудың жағымсыз салдарының бірі ретінде көпшілігі балалардың толық емес отбасыларда өсетінін айтады. Өз кезегінде қазақстандықтар ажырасуды ақтайтын себептер отбасындағы зорлық-зомбылық (43,2%), маскүнемдік (39,7%), опасыздық (35,85%) деп санайды.
Қай мәселе болмасын төркіні отбасындағы тәрбиеден бастау алады. Бала тәрбиесіне дұрыс көңіл бөлу біріншіден әр ата-ананың міндеті. Оған әке мен ана бірдей жауапты. Бүгінгі күні ата-аналардың балалармен қарым-қатынасына кедергі келтіретін факторға жұмыс жүктемесін жатқызуға болады. Екі жыл ішінде бұл көрсеткіштің шамасы 42%-ға дейін өскен, өсім 11,1%-ды құрады. Балалармен әкелерге қарағанда аналар көп уақытын өткізеді.
Осы жағдай ескеріліп, балаларды тәрбиелеудегі әкелердің рөлін арттыруға бағытталған жұмыстар еліміздің өңірлерінде де қолға алына бастады. Өңірлік деңгейде әкелер қауымдастықтары құрылып, отбасылық құндылықтарды нығайту жөніндегі жұмысқа әкелер, ақсақалдар белсенді түрде тартылуда.
Ұрпағымыздың сапалы өмір сүруі, болашақта отбасылық құндылықтарды берік ұстанып, өз отбасын құруға толық дайын болуы қазіргі тәрбиеге тікелей байланысты. Сондықтан, «Ел боламын десең – бесігіңді түзе» дегендей бала тәрбиесіне уақыт бөліп, олардың дұрыс тұлға болып қалыптасуына күш салғанымыз жөн.
Ұлттық баяндама шеңберінде жүргізілген бірқатар әлеуметтік зерттеулер қазақстандықтардың отбасылық құндылықтарға, бала тәрбиесіне деген көзқарасын анықтауға мүмкіндік берді.
Әлеуметтік зерттеулерге сүйенсек қазақстандықтар балаларының бойында ең алдымен еңбекқорлық (64,1%) және үлкендерге құрмет (54,9%) құндылықтарын дәріптейді. Өзін-өзі бағалау (28,5%) және өзіне деген сенімділік (20,6%) құндылықтары осы иерархияда үшінші және төртінші орын алады.
Жалпы кез келген мемлекеттің отбасы саясаты азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатын қолдаумен қатар, ұлттық құндылықтарына негізделеді. Әрине, сыртқы факторлардың ықпалын азайту үшін бізге отбасылық құндылықтарымызды сақтап қалу маңызды. Зерттеуге қатысушылардың 85,7%-ы отбасында ұлттық салт-дәстүрлер сақталуын қолдайтыны белгілі болды. Отбасы саласындағы өзекті мәселелерді ескергеннің өзінде, халқымыздың бойындағы ұлттық құндылықтарға, салт-дәстүрлерге деген құрмет жоғалған емес.
Қазақстандықтардың құндылықтар жүйесінде отбасының маңызды орын алуы – қоғамымызда отбасының мәртебесі қашанда биік және мемлекеттік саясаттың дұрыс бағытта екенін көрсетеді.
Әрине, атқарылған істер жетерлік, бірақ алда жасалуы тиіс міндетті жоспарларымыз бар. Министрлік азаматтық қоғам өкілдерімен, мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, ведомствоаралық байланысты тиімді жүргізу арқылы отбасы институтын одан әрі дамыту бойынша жұмыстар атқаратын болады. Сонымен қатар, ортақ мақсатқа әрбір азамат өз үлесін қосқан жағдайда ойдағыдай нәтижеге жетеміз деп сенемін.