Жергілікті жерлердегі ахуал туралы су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов баяндама жасап, Түркістан, Қызылорда облыстарының әкімдері тыңдалды.
Жиында оңтүстік өңірлердің бүгінгі су шаруашылығы жағдайы талқыланды. Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметтері бойынша қазіргі уақытта су қоймаларындағы су көлемі — 19,2 млрд текше метр. Суармалы су көлемінің 98%-ын оңтүстіктегі бес өңір – Жетісу, Алматы, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстары пайдаланады, бұл аймақтарда 1,2 млн га жер суарылады.
Бекітілген жоспарға сәйкес, аталған өңірлерге биылғы суару маусымында 10,1 млрд текше метр су беру жоспарлануда. 15 шілдедегі жағдай бойынша әзірге 7 млрд текше метр су жұмсалған, вегетациялық кезеңнің соңына дейін тағы 3,1 млрд текше метр су берілмек. «Қазгидромет» РМК-ның мәліметінше, биылғы суару маусымы еліміздің оңтүстік өңірлерінде жауын-шашынның аз түсуіне байланысты созылып барады.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Алматы мен Жетісу облыстарындағы ауыл шаруашылығы алқаптарын сумен қамту үшін тұрақты жағдайы жасалып жатқынан баяндады. Аталған өңірлерді сумен қамтудың тиімділігін жақсарту және жеделдігін арттыру мақсатында министрлік пен «Қазсушар» РМК өкілдерінің іссапарға жіберілген тобы жұмыс істеп жатыр.
Жамбыл облысы бойынша вегетациялық кезең жоспарлы режимде өтуде. Шу-Талас бассейніндегі су шаруашылығы жағдайы қалыпты және тұрақты бақылауда. Биылғы суару маусымында 2025 жылғы сәуірден қыркүйекке дейін Шу және Талас өзендерінің бассейні бойынша су берудің жиынтық жоспарлы көлемі 625 млн текше метрді құрайды. Шілде айының басында Қордай ауданы Қайнар ауылындағы Шу өзенінде қосымша сорғы стансасы қосылды, бұл оның төменгі жағындағы учаскелерге су беруді арттыруға мүмкіндік берді. Бұдан бөлек, «Қазсушар» РМК филиалының күшімен Шу өзенінің учаскесі тазартылды.
Түркістан және Қызылорда облыстарында биыл вегетациялық кезең орташа жылдық мерзімнен 20 күн бұрын басталды. Топырақтың жоғарғы қабатында ылғалдың төмендеуіне байланысты ауыл шаруашылығы дақылдарының су тұтыну көлемі бастапқы кезеңде орта есеппен 50%-ға өсті, бұл суару көздеріне қосымша ауыртпалық тудырды.
Су шығынын оңтайландыруға және ауыл шаруашылығы алқаптарын біркелкі суаруды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін кезектестіре және түнгі суару жүйесі енгізілді. Су ресурстарын үнемдеуге және экожүйеге антропогендік жүктемені азайтуға ықпал ететін коллекторлық-дренажды суды қайта пайдалану белсенді қолданылады.
Тік дренаж және сорғы қондырғылары қосылған, бұл жер асты суларының деңгейін тұрақтандыруды қамтамасыз етеді әрі суармалы жерлерде мелиорациялық іс-шаралардың тиімділігін арттырады. Түркістан облысында шаруаларды сумен қамтамасыз ету жұмыстарын үйлестіру мақсатында Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитеті төрағасының орынбасарлары аталған аймақта жүр.
Үкімет







