Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы ұйымдастырған «Ойыма ой қосқан шығарма» атты ойталқы сағаты өскелең ұрпақтың таным көкжиегін кеңейтіп, әдебиетке деген қызығушылығын арттыруды көздеді.
Шараның құрметті қонақтары ретінде «Желтоқсан ұшқыны» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, желтоқсаншы Талғат Кеншінбеков пен ұстаз, әдебиет жанашыры Айгүл Шымырбаева шақырылды. Сонымен қатар кітапхана қызметкерлері Назгүл Қожамарова мен Фарида Метеркулова тақырып төңірегінде тағылымды ой өрбітті.
Ойталқының мазмұнын байытқан – оқушылардың белсенділігі. Тараз қаласындағы №46 және №47 мектептердің 8-9-сынып оқушылары қонақтардың әңгімесін ықыласпен тыңдап, өздері оқыған шығармалар туралы пікірлерімен бөлісті. Олар өздеріне ерекше ой салған көркем туындылардың әсерін айтып, әдебиетпен алғаш табысқан сәттерін еске алды.
Шараның шарықтау шегі – желтоқсан батыры Талғат Кеншінбековтің естелігімен ұласқан тұс болды. Ол өзінің кітап әлеміне жасаған алғашқы саяхаты жайында тебірене әңгімеледі:
«Ең алғаш қолыма алып оқыған шығармам – “Мурзилка” журналындағы Барон Мюнхаузеннің суретті ертегісі еді. Ерекше қызыққаным сонша, мектепке әлі бармаған бауырыма сол ертегінің мазмұнын әсерлі жеткізуге тырысқаным есімде. Кейін ол да менің кітап оқуыма құмартып, тіпті үйге жаңа кітап әкелмесем, ішке кіргізбейтінді шығарды. Осылайша, кітап менің жансерігіме, рухани азығыма айналды», – деді ол.
Бұл жүректен шыққан әңгіме жас ұрпаққа үлкен ой тастап, кітаптың – адам санасын тәрбиелейтін, рухты байытатын қастерлі қазына екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Ақпарат Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасының мемлекеттік ақпараттық тапсырысы негізінде жарияланды