Облыстың этномәдени бірлестіктері тарапынан 33 мыңнан астам адамға көмек көрсетілді
Қайырымдылық қызметін үйлестіру Қазақстан халқы Ассамблеясының негізгі бағыттарының біріне айналды. Жамбыл облысы ҚХА баспасөз қызметінің мәліметінше, өткен жылы облыстың 33 100 тұрғынына жалпы сомасы 432 млн 200 мың теңгеге қайырымдылық көмек көрсетілді. Биыл су тасқыны салдарынан болған төтенше жағдай аумақтарына ассамблея мүшелері қомақты қаражат аударды.
Мәселен, «Тараз қаласының өзбек қалалық орталығы» қоғамдық бірлестігі аз қамтылған 35 отбасы мен мүмкіндігі шектеулі жандарға азық-түлік пакеттерін табыс етті. Азық-түлік қоржынында бір қап қант, пияз бен картоп, екі қорап макарон, күріш, 12 келі ұн, өсімдік майы бар. Шараға «Мырқалық» мешіті демеушілік жасады.
Былтыр оқу жылының басында «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында көп балалы және аз қамтылған отбасы балаларына көмек көрсетілді. «Жамбыл облысының «Вынхуа» дүнген мәдени орталықтарының бірлестігі» қоғамдық бірлестігі 70 балаға 2,5 млн теңгенің оқу құралдарымен қамтамасыз етті.
Жамбыл облысының «Ахыска» түрік этномәдени орталығы елу балаға кеңсе тауарлары, мектеп формасы мен спорттық костюмдер салынған мектеп сөмкелерін сыйға тартты. Сонымен қатар, балалардың ата-аналарына материалдық көмек көрсетілді. ҚХА мүшесі, Байзақ ауданы «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы Жалил Аббосов Байзақ ауданындағы көп балалы отбасынан шыққан 30 балаға мектеп формасы, портфель және кеңсе тауарларын табыс етті.
Сондай-ақ ҚХА Аналар кеңесінің мұрындық болуымен бірқатар қайырымдылық шаралары жүзеге асырылды. Өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларға қолдау көрсету орталығының тәрбиеленушілеріне, балабақшаларға, мектептерге, ерекше қажеттіліктері бар балаларға аналар – түрлі этномәдени бірлестіктердің өкілдері келіп, құттықтады. Ата-анасының бірінде тұратын балалар да қараусыз қалған жоқ. Мәселен, Жамбыл ауданы, Гродеково ауылында «Қазақстан Республикасы күрдтерінің Барбан қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі филиалының аналар кеңесінің төрағасы Айша Қарахметоғлы қайырымдылық акциясын ұйымдастырып, жетім балаларға сыйлықтар таратты.
Рамазан айында «Жастар ассамблеясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облысы бойынша филиалының мүшелері «Ахыска» түрік этномәдени орталығы қайырымдылық шараларын өткізді.
Наурыз мейрамы қарсаңында «Қазақстан татарлар мен башқұрттардың конгресі» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облысы бойынша филиалы қайырымдылық акциясын өткізіп, шара барысында 15 мұқтаж отбасына көмек көрсетілді.
Халықаралық әйелдер күні қарсаңында «Радонеж» орыс қоғамдастығының өкілі Оксана Дьяченко «Мектеп оқушыларының қолынан жаңа туған нәрестелерге арналған киім» қайырымдылық акциясын ұйымдастырып, сәбилерге арналған 36 жиынтық дайындалып, таратылды.
Жамбыл облысы әкімдігінің «Жастар Ассамблеясы» РҚБ филиалының өкілдері «Қоржын», «Ерікті донор», «Жылу», «Қамқор» қайырымдылық акцияларына тұрақты түрде атсалысуда. Жеңіс күні қарсаңында ардагерлерге сыйлық табыстады.
Осындай ауқымды шараларды ұйымдастыруда белсенділік танытып отырған Қазақстан Халық Ассамблеясының мүшелері аталған бағыттан таймай, жыл бойы жақсылық жасауға ұмтыла бермек.