Аймақ басшысы медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, тынымсыз әрі аса жауапты еңбектері үшін алғыс білдірді.
Ербол Қарашөкеев Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бойынша кешенді жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Өткен жылы 24 медициналық нысан пайдалануға берілді, оның 10-ы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылған. Биыл облыста 26 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүргізілуде.
Бүгінде облыстың денсаулық сақтау ұйымдарында 15 168 медицина қызметкері жұмыс істейді. Оның ішінде, 3 350 дәрігер және 11 818 орта буын медицина қызметкері бар.
Соңғы 3 жылда өңірге 234 жас маман келді. 8 мыңнан астам маман біліктілігін арттырды.
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға жергілікті бюджеттен 52 грант бөлінді.
Ағымдағы жылы 125 бірлік медициналық құрал-жабдық, 30 бірлік санитарлық автокөлік сатып алу жоспарлануда.
Мерекелік шарада саланың 86 үздік маманына ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі, «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі, Жамбыл облысы әкімінің Құрмет және Алғыс хаты, «Primary Health Care» ұлттық ассоциациясының «Ардақ жан», «Абзал жан», «Жанашыр» медалі салатанатты түрде табысталды.
Шара соңы К. Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясы өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.