Апта аяғында аудан орталығындағы көп қабатты тұрғын үйдің маңында «Қысқы кезең жағдайында төтенше жағдайларды жою кезіндегі іс-қимылдарға азаматтық қорғау басқару органдарының күштерін даярлау» тақырыбында «Қыс-2020» тактикалық оқу-жаттығу жиыны ұйымдастырылды.
Аудандық ТЖ бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Расул Сұлтанов, аудандық өрт сөндіру бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Ерлан Сазымбеков, аудан әкімінің бас инспекторы Тимур Тұрсынбеков қатысқан оқу-жаттығуда электр, газ, жылу жүйелері, су құбырлары және канализация жүйелері бойында авариялық құтқару командасы, өрт сөндіру, «Жамбыл-Жылу» МКК-нің Аса бөлімшесі, «Таза мекен», «Аса-су» мекемелерінің транспорттық авариялық-құтқару командасы, байланыс командасының мүшелері сап түзеді.
Оқу-жаттығу жиынына басшылық еткен аудандық ТЖБ-нің бастығы Расул Рахматжанұлы мен өрт сөндіру бөлімінің бастығы Ерлан Шоханұлы әуелі командалық штабтың жұмысымен танысып, іс-шараның маңыздылығына тоқталды.
Оқу-жаттығу Абай көшесі бойында құрылысы жүріп жатқан жаңа тұрғын үйден жолдың оң жақ қапталына тартылған аралықтағы жылу жүйесі бойында жалғасты.
Жиын барысында құтқарушылар төтенше жағдайды жою және зардап шеккендерге көмек көрсету бойынша іс-әрекеттерді пысықтауға арналған арнайы тактикалық жаттығулар өткізді. Төтенше жаттығулар кезінде жедел әрекет ету және зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсету дайындықтарын тексерді.
Оқу-жаттығуға 15 техника, 30-дан астам адам тартылды.
Дүйсенбек Орманов,
«Шұғыла».






