Өңірде қаржылық-шаруашылық қызметін жүзеге асыратын 80 шақты ұйым бар. Оның 63-і шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын болса, 15-і жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 2-еуі акционерлік қоғам.
Былтыр 58 мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын жылды оң нәтижемен аяқтап, жалпы сомасы 721,4 миллион теңге таза кіріспен шыққан екен. Алдыңғы жылмен салыстырғанда таза табыс мөлшері 378,8 миллион теңгеге көбейген. Ал 5 ұйым жалпы 930 миллион теңге шамасында шығынмен аяқтапты. Бұл коммуналдық меншік ұйымдарының жалпы санының 8 пайызын құрайды. Оның ішінде облыстық көпбейінді ауруханасы 469,3 миллион теңге шығынмен шықса, «Тараз-Арена» спорт кешені 162 миллион теңгеге жуық қаражат шығындаған. «Жамбыл Су», «Жаңатас Су-Жылу», Төле би мамандандырылған көп салалы кәсіпорындарының да шығындары аз емес. Десе де бұл көрсеткіштер 2019 жылмен салыстырғанда 2 ұйымға азайып, шығындар мөлшері 311,4 миллион теңгеге төмендеген.
Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен өткен жиында осы мәселелер жан-жақты сөз болып, саладағы проблемалар жіті талқыланды. Онда алдымен облыс әкімдігі қаржы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Батырхан Әкектің баяндамасы тыңдалды. Жылды шығынмен қорытындылаған мекемелердің қаржылық шаруашылығы туралы әңгімелеген ол өңірдегі оңтайландыру шараларына тоқталды.
– Президент Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттік органдарға бағынысты ұйымдардың санын азайту, бәсекелес ортаға беру, оларды оңтайландыру және әкімшілік шығындарды азайту қажеттігіне ерекше назар аударды. Аймақтағы квазимемлекеттік сектор субъектілерін оңтайландыру, қайта құру және тарату жұмыстары 2018 жылы басталды және кезең-кезеңімен жүргізіліп отыр. Айталық, 2018-2020 жылдардағы жұмыс нәтижесінде 1 578 штат қысқарды, ол әкімшілік шығындарды 1 128 миллион теңгеге үнемдеуге мүмкіндік берді. Жыл басынан бері 24 штат қысқарып, 21,1 миллион теңге үнемделді, – деді Батырхан Базарбайұлы.
Жекешелендіру төңірегінде сөз қозғаған баяндамашы мұндағы мақсат мемлекеттің қатысуы бар ұйымдарды бәсекелес ортаға беру және мемлекеттің экономикадағы үлесін азайту екенін айтты. Аймақтағы жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспары жалпы орындалған. Тек іске асырылмағаны – Тараз қаласы әкімдігінің «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС. Бұл ұйым келесі бесжылдыққа арналған кешенді жоспарға еніп тұр. Сонымен қатар №7 қалалық емхананы сенімгерлік басқаруға алған «Даримет» медициналық орталығы өзіне алған міндеттемелерді орындамауына байланысты келісімшарт соттың шешімімен бұзылған.
Жиын барысында облыс әкімі Бердібек Машбекұлы жылды шығынмен аяқтаған кәсіпорындар мен ұйымдарға жауапты мамандардың есептерін де тыңдады. Сонымен бірге коммуналдық ұйымдар және оларды оңтайландыру, олардың жағдайы, коммуналдық және жеке меншікке сатылып кеткен, пайдаланылмай отырған ғимараттар мәселелері төңірегіндегі жұмыстарды жандандыру қажеттігін айтты.
– Бос тұрған ғимараттарды, егер пайдалануға жарайтын болса, жеке кәсіпкерлердің игілігіне беру жолдарын қарастыру қажет. Әр нәрседен пайда көру – аса маңызды. Сол сияқты, коммуналдық мекемелер де шығынды шектеп, пайдаға жұмыс істеуді ойластырсын. Олай болмаған жағдайда, басшылықты ауыстыруға тура келеді. Қаржы басқармасы тиісті қаржыны бөліп беріп қойып, қарап отырмай, оның игерілуін бақылауларына алсын, – деді өңір басшысы.
Отырысқа қатысушылар да ойлары мен пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын ортаға салды. Осы мәселені айына бір мәрте пысықтап, талқылап отыруға уағдаласты.
Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі