Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Елбек ТАСБОЛАТҰЛЫ осы сұраққа жауап берді.
Ең алдымен ол пітір садақа ненің құнынан берілетінін атап өтті. Ол бидайдан немесе оның өнімінен, мейізден, арпадан, құрмадан беріледі.
— Демек, бидайдың өзін немесе өнімін беруге болады. Өнімі, қазіргі біз белгілеп жүрген нәрсеміз ұннан болады. Ал, 640 теңге қайдан шықты? Сол бидайдың өнімі – ұнның ортақ бағасынан шығарып алынды. Бұл ортақ бағаны шығару үшін барлық облыстардан баға сұралып, есептеліп, бекітілді. Неге садақа ұннан есептеледі? Себебі халықтың қолданысында бидай емес, ұн. Бірақ пітір садақасын бидадйдан беремін дейтіндер болса да болады, — деді Елбек Тасболатұлы.
Бұл жайында жыл сайынғы пітір садақаға байланысты мақалаларда muftiyat.kz сайтында да, ҚМДБ өкілдері брифингтерде де жиі айтылады. Сонымен қатар, Е.Тасболатұлы кез келген сұраққа жауап алу үшін муфтият сайтына немесе сол жерде көрсетілген телефон нөмірлері бойынша хабарласуға болатынын айтты.
Бүгінде көптеген мешіттердің әлеуметтік желіде парақшалары тіркелген. Мысалы, Жамбыл облыстық Һибатулла Тарази мешітінің парақшалардан бөлек өз сайты да бар asyldin.kz. Бұл қазіргі заманда кез келген сұраққа тез және сенімді жауапты білетін мамандардан алуға ыңғайлы мүмкіндік.
Айжан АУЕЛБЕКОВА
Мақала Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының ақпараттық саясаты тапсырысы негізінде жарияланды