Кеше аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Сәкен Арубаев ардагер ұстаз, спорт жанашыры, Өрнек ауылының тұрғыны Тамдыбек Арызбаевты қабылдап, еліміздің рухани және әлеуметтік дамуы жолындағы еселі еңбегі мен білім беру жүйесін дамытуға және сапасын арттыруға қосқан қомақты үлесі үшін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің Құрмет грамотасын салтанатты жағдайда табыс етті.
– Екінің біріне көрсетіле бермейтін құрметті ауданымыздың тұрғыны иемденіп отырғаны өңіріміз үшін үлкен жетістік деп білем. Өзіңіздей туған жерге жанашырлық танытып, елдің жоғын түгендеп жүрген азаматтар дәл бүгінгі қоғамға қажет-ақ, – деген Сәкен Қаланұлы қариямен емен-жарқын әңгімелесті.
Өз кезегінде сөз алған Тамдыбек Арызбайұлы аудан басшысының жұмысына табыс, ісіне береке тілеп, шексіз ризашылығын білдірді.
Қабылдауға аудан әкімі аппаратының басшысы Жомарт Телеуов қатысып отырды.






