Бүгін Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев облыс әкімі Нұржан Нұржігітовпен бірге «Қазфосфат» компаниясының кәсіпорнында болып, минералды тыңайтқыштар шығаратын жаңа желінің ашылуына қатысты.
Компанияның мәліметінше, өндірісті кеңейту жобасы аясында зауыт жылына 500 мың тонна аммофос өндіретін болады. Осылайша кәсіпорын минералды тыңайтқыштар өндірісін жылына миллион тоннаға дейін ұлғайтып отыр.
«Казфосфат» ЖШС бас директоры Евгений Шибановтың айтуынша, зауыттың жаңа желісіне салынған қомақты инвестиция мультипликативтік нәтиже береді: «Жобамыздың сәтті жүзеге асуы – бұл өндіріс қуатын, қазынаға салық түсімдерін ұлғайту ғана емес, сонымен қатар, компанияның және жалпы еліміздің экспорттық әлеуетін арттыру мен ауыл шаруашылығын жоғары сапалы тыңайтқыштармен қамтамасыз ету деген сөз. Сондай-ақ жобаның арқасында жаңа жұмыс орындары ашылды. Бұл әрқашан біз үшін басымдық болған және болып қала береді».
Бүгінгі таңда «Қазфосфат» серіктестігі 7 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Аммофос өндірістік цехының басшысы Самат Пашикеев атап өткендей, қазірдің өзінде 500-ден астам жаңа жұмыс орындары ашылып, штаттық орындар толтырылуда. Жаңадан қабылданған жұмысшылар істеп тұрған өндірісте оқытылып, жаңа желіде жұмыс істей бастады.
Жалпы «Казфосфатта» зауытты жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Кәсіпорынның өндірістік қуаты, экспорт көлемі ұлғаюда, барлық негізгі құрал-жабдықтарды жаңалау және күрделі жөндеу бағдарламасы сәтті жүзеге асырылуда.
Отандық шаруаларды қолдау бойынша да бірқатар жұмыстар атқарылды. «Қазфосфат» АҚ мен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі арасында аммофос бағасын 2022-2024 жылдарға бекіту туралы меморандумға қол қойылды.
Меморандум шарттарына сәйкес, «Қазфосфат» отандық ауылшаруашылық тауар өндірушілері үшін аммофос бағасын көтермеуге міндеттенді.






