М.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «Менделеев сыныптары» жобасының 10-11 сынып бітірушілеріне сертификаттар табысталды. Шараға білім саласының жергілікті атқарушы орган өкілдері, Д.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университеті, «Қазфосфат» ЖШС қызметкерлері, қала мектептерінің химия мұғалімдері, оқушылар мен ата-аналар, сондай-ақ Дулати университетінің оқытушылары мен студенттері қатысты.
Биылғы оқу жылында Тараз қаласының бітіруші түлектеріне Д.Менделеев атындағы РХТУ мен Дулати университетінің оқытушылары дәріс берді. Бүгінде 22 оқушы аталмыш жоба аясында оқуын тәмамдап, химия-математика бағытында терең білім алды.
Салтанатты шарада Дулати университетінің Басқарма мүшесі-стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Шолпан Есімова құттықтау сөзін алды. Ол өз сөзінде химия өнеркәсібінде білікті кадрлардың жетіспейтінін атап өтті.
«Бүгінде химия өнеркәсібінде нақты жобаларды жүзеге асыру үшін әртүрлі біліктілігі бар 15 мыңнан астам қызметкер қажет. Оның ішінде 3 мыңнан астам жоғары білімді, 2 мыңнан астам орта техникалық білімі бар және кәсіптік білімі бар жұмысшылар керек. «Қазфосфат» зауыты өндірісінің ұлғаюына байланысты бүгінгі таңда 4000-ға жуық маман қажеттілігі туындап отыр. Осыған байланысты университет алдында ҚР химия өнеркәсібі үшін мамандарды даярлауды жандандыру бойынша ауқымды міндеттер тұр. Бұл ретте стратегиялық серіктестер – «Қазфосфат» және Д.Менделеев атындағы РХТУ-мен бірлесіп олқылықтың орнын толтыру бағытында қолға алынған жұмыстар өз жемісін беретініне сенімім мол. Жоба аясында білім алған оқушыларды құттықтап, «Менделеев сыныбының» түлектеріне сәттілік тілеймін», — дейді Шолпан Есімова.
Д.Менделеев атындағы РХТУ ректоры м.а. Илья Воротынцев айтуынша, «Менделеев сыныбы» жобасы жыл сайын өз жалғасын табатын болады.
Салтанатты жиында «Менделеев сыныбы» жобасының түлектеріне сертификаттар, ата-аналарына алғыс хат табыс етілді.
«Менделеев сыныптары» – «Казфосфат» ЖШС қолдауымен жүзеге асқан Д.Менделеев атындағы РХТУ мен Дулати университетінің қала мектептерінің 10-11 сынып оқушыларына арналған білім беру жобасы. Жобаның негізгі мақсаты – облыс жастары арасында химия және инженерлік мамандықтардың беделін арттыру және жаратылыстану пәндерін тереңдетіп оқыту жүйесін ұйымдастыру, сондай-ақ химия-математика пәндерін оқыту деңгейін жоғарылату. Менделеев сыныптарын бітіргеннен кейін түлектер Дулати университеті мен Д.Менделеев атындағы РХТУ-да химия-технологиялық бағытта сапалы білім алуға мүмкіндігі бар.
Ғылым және жоғары білім министрлігі