Ағымдағы жылдың 20 шілдесінде Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде Әдеп жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.
Күн тәртібіне сәйкес ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасарына қатысты шешімдерді дайындау және қабылдау кезінде жеке және (немесе) заңды тұлғаларға заңсыз артықшылық көрсету мәселесі бойынша тәртіптік іс қаралды.
Әдеп жөніндегі комиссиямен тәртіптік істі қарау қорытындысы бойынша лауазымды тұлғаны «қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тарту ұсынылды.
Сондай-ақ Комиссия отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің тәртіптік комиссиясы мен ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Әдеп жөніндегі уәкілі қызметінің қорытындылары тыңдалды.
Отырыс соңында комиссия мүшелері министрлік басшылығына мемлекеттік қызметшілер арасында түсіндіру және алдын алу жұмыстарын күшейтуді, тәртіптік жауапкершілікті қарау кезінде заңдылықты және мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын сақтауды қамтамасыз ету бойынша ұсынымдар әзірледі.
Естеріңізге сала кетейік, Әдеп жөніндегі комиссия Агенттіктің тәртіптік істерді қарауды және әкімшілік мемлекеттік қызметшілерді тәртіптік жауапкершілікке тарту жөнінде ұсыныстар әзірлеуді, сондай-ақ қызметтік әдеп нормаларының талаптарын бұзудың алдын алуға бағытталған шараларды әзірлеуді жүзеге асыратын алқалы органы болып табылады.
ҚР МҚІА Баспасөз қызметі