Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Павлодар жұртшылығымен кездесу барысында жас ұрпақтың білімге ұмтылуы турасында сөз қозғады. Өңірден шыққан әйгілі тұлғалар туралы баяндай келіп, елдің әділетті қоғамға білім культы біржола орныққан кезде келетінін айтты.
«Осы өңірдің әйгілі перзенттері туралы айтқанда Мәшһүр Жүсіпті айналып өте алмаймыз. Оның терең ой-тұжырымдары ұрпақты ілім-білімге ұмтылуға, жаңашылдыққа жақын болуға үндейді. Ғұлама ойшылдың озық идеялары әлі күнге дейін өзектілігін жойған жоқ. Сондықтан бүгін ғылым мен білімнің ордасы болған өлкеден бүкіл елге білімпаздық туралы ойларымды жеткізгім келеді.
Біз Жаңа Әділетті Қазақстанды құрамыз. Ал бұл мақсатқа елімізде білім культі біржола орныққан кезде ғана жетеміз»
Сонымен қатар Президент білім алу үшін ғалымдарға, студенттер мен магистранттарға бөлінетін грант мөлшері туралы ақпарат берді.
«Біз барлық баланың сапалы білім алуына жағдай жасауымыз керек. Осыған байланысты мен Жолдауда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыруды ұсындым. Бұл бастаманың аясында Павлодар облысында алдағы 3 жылда 10 мектеп салынады. Құрылысты сапалы салып, уақтылы тапсыру – басты міндет. Жұмыс барысын жергілікті атқарушы органдар қатаң бақылауда ұстауға тиіс.
Жастар ертең білімді, алғыр, оқуда озат болсын десек, біз бүгін көптеп сапалы, жайлы мектеп салуымыз керек. Бұл – мемлекет ретінде біздің ортақ міндетіміз. Сондай-ақ ғылыми қызметкерлердің қоғамдағы абырой-беделін арттыруымыз қажет. Ғалымдарымызға әлемдегі жетекші ғылыми орталықтарда тағылымдамадан өту үшін жыл сайын 500 грант беріле бастады.
Сонымен бірге, «Жас ғалым» жобасының аясында 1000 грант бөлінетін болды. Студенттердің, магистранттар мен докторанттардың шәкіртақысы біртіндеп көбейіп келеді. Ғылыми институттар мен іргелі зерттеулерді қаржыландыру жүйесін жетілдіріп жатырмыз. Осыған орай, заңдарға тиісті өзгерістер енгізілді»