Ел тұрғындарының баптап-күткен малдарының бір сәтте жоғалуы кімге болса да оңай тимесі анық. Қырағылық танытпаған жұрт малдарын айырылуда. Сол себепті мал ұрлығы бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып отырғаны анық.
Арқаны кеңге салған кейбір тұрғындар ірі қарасын қараусыз жайылымға жіберіп, ол өз кезегінде малдың кедергісіз ұрлануына жағдай туғызады.
Бүгінде қоғамда мал ұрлығы әрбір шаруаның мазасын алған мәселеге айналып отыр. Қыс мезгілі келіп, соғым уақыты таяғанда мал ұрлығының тіпті жиілеп кететіні де рас. Ал сол мал ұрлығының өңірлерде ашылу көрсеткіші қандай деген мәселе де бар. Сонымен қатар адамдарды еңбекке заңсыз жегу сияқты мәселелер де күн тәртібінде өте өзекті. Яғни ел арасында кейбір шаруалардың шетелдік азаматтарға малын бақтырып қою әрекеті де толастамай отыр.
Елімізде қасақана қылмыстың бірнеше түріне берілетін жаза қатаңдатылып отыр. Ол қылмыстар тізіміне мал ұрлығы да енген. Әлемдік практикада көптеген елдер қоғам мен экономика үшін маңызды нысандарға қол сұғу қылмысына арнайы баптар арнаған. Ол баптар неғұрлым қатаң жазаларды көздейді.
Тергеу практикасы мал ұрлығы қылмыстық кәсіпке айналғанын көрсетіп отыр. Кәдімгідей орындаушылар, ұйымдастырушылар, базарда сатушылар, ұрланған малды тасымалдаушылар, Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 196 бабына сай яғни көрiнеу қылмыстық жолмен табылған малды өткізуге бет бұрғандар да баршылық.
Бір жағынан қарасақ, жергілікті халық мал ұрлығы бар екенін біле тұра малына қарамай жайылымға жібере салады, ол өз кезегінде мал ұрлығына әкеледі. Сол үшін әр азаматтың өз төрт түлік малына ие болуы қажеттігі бар.
Мал ұрлығынан қалай сақтануға болады?
65% мал ұрлығы кешкі уақыттарда еркін жайылымдарда ұрланады, сонымен қатар, мал иелеріне өз шаруашылықтарын қоршалған қоралармен жабдықтау қажет.
Малдарға міндетті түрде таңба және ЧИП (чипирование) салу қажет, бұл ұрланған малды іздеу бойынша жұмысты жеңілдетеді. Мал жоғалған жағдайда жауапкершілік туралы бақташылармен келісім жасасу керек.
Шаруа қожалығы иелерінің үйірдің жетекшілеріне GPS сигнализаторларын алуы құпталады, ол еркін жайылымда жүрген табынның тұрған жерін анықтауға мүмкіндік береді.
ҚР ҚК-ның 188-1-бабына сай:
Мал ұрлау, яғни бөтеннің малын жасырын жымқыру — мүлкі тәркіленіп, үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бес жылға дейiнгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған, ірi мөлшерде жасалған мал ұрлау мүлкi тәркiленiп, үш жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Бірнеше рет тұрғын үй-жайдың, кәсіпорынның, ұйымның, мекеменің, мал қораның, қашаның немесе өзге де қойманың ауласына кiрумен жасалған мал ұрлау – мүлкi тәркiленіп, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Қылмыстық топ жасаған аса iрi мөлшерде жасалған мал ұрлау – мүлкi тәркiленіп, жеті жылдан он екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Мал деп ірі қара мал, жылқылар мен есектер, түйелер, ұсақ мал, шошқалар түсініледі. Сол себептен аталған қылмысқа баруға жол бермеуге және аталған қылмыстық құқық бұзушылық жасалса, бас бостандығынан айыру жазасы көзделгенін білу қажет.
Дереккөз: Жамбыл аудандық сотының судьясы Динара Кыдыралиева