Маймыл шешегі – сирек кездесетін инфекциялық ауру. Батыс Африка елдерінде таралған. Африкадағы ауырған адамдар саны 2016 жылдан бастап жылдам өсуде, ресми деректер бойынша ауру 20 есе көбейген. Аурудың барынша үлкен өршулері Нигерия мен Конгода тіркелуде. Маймыл шешегі ауруының негізгі көзі – жабайы жануарлар: приматтар және кеміргіштер.
Бұл туралы ӨКҚ баспасөз брифингінде Жамбыл облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Неили Муликова айтты. Оның пікірінше, инфекция ауру жануардың қанымен немесе оның биологиялық сұйықтықтарымен байланыста болған кезде, сонымен бірге ауру жануардың етін жегенде жұғады.
«Клиникалық көрінісі: инкубациялық кезеңі – 5 күннен 21 күнге дейін. Адамдардағы клиникасы – жоғары температура, дененің ауыруы, әлсіздік, бөртпе, құсу, лимфа түйіндерінің ұлғаюы, бастың айналуы. Аурудың ұзақтығы 2-3 апта, кездейсоқ өздігінен емделуі мүмкін. Жазғы каникулдың және демалыс маусымының, басталуына байланысты маймыл шешегінің өршуі тіркелген Батыс Африка елдеріне бармауды ұсынамыз; шет елдерге шыққан кезде жабайы жануарлармен байланыс жасамау, стихиялық және көше саудасы орындарында тамақ ішпеу, тамаққа тек термиялық өңделген етті пайдалану, адамдар көп жиналатын орындарға барған кезде жеке профилактика шараларын пайдалану, қол және тыныс алу ағзаларының гигиенасын сақтаңыз», — деді спикер.
Неили Орынбасарқызы сапардан келгеннен кейін 3 апта ішінде ауырсынуды, температураны, бөртпені сезінсеңіз, міндетті түрде шет елде болғаныңыз туралы хабарлап, тез арада жақын жердегі медициналық ұйымға хабарласуға кеңес берді. Бүгінгі күні Қазақстанда маймыл шешегі ауруына күдікті жағдай тіркелген жоқ. Ахуал Денсаулық сақтау ұйымдарының тұрақты бақылауында.
Дереккөз-Өңірлік коммуникациялар қызметі