«103 жасында Ұлы Отан соғысының қатысушысы, отставкадағы полковник, Шекара қызметінің құрметті ардагері – Николай Александрович Таратунин мәңгілік сапарға аттанды. Бұл – бәріміз үшін орны толмас қайғы. Оның ерлікке толы өмір жолы – Отанға деген адалдық пен батырлықтың жарқын үлгісі», – делінген хабарламада.
Николай Таратунинмен қоштасу рәсімі 29 шілде күні сағат 11:00-де Жансүгіров көшесі, 351-үй мекенжайында өтеді. Марқұм Боралдай зиратына жерленеді.
Николай Александрович 1923 жылдың 28 сәуірінде дүниеге келген. 1941 жылы жеті жылдық мектепті бітірген соң, екі ағасы мен әпкесінің ізінен майданға өз еркімен аттанады. Өкінішке қарай, олардың ешқайсысы соғыстан оралмаған.
Ол Батыс, Сталинград және Екінші Украин майдандарында шайқасты. Барлаушы ретінде жау тылында аса қауіпті тапсырмаларды орындап, құнды мәліметтер мен тұтқынға түскен офицерлерді әкелген. Осындай бір операция кезінде немістердің азық-түлік тиеген жүк көлігін басып алып, өз бөлімшесіне жеткізген.
1943 жылы Дон өзенінен өту кезінде үш жерінен жараланып, аяғы мен қолы жарақат алған Николай Александрович өлді деп танылып, тіпті «өлім бөлмесіне» жатқызылған. Алайда, келесі күні жерлеуге дайындалып жатқанда көзін ашқан. Дәрігер оның тірі екенін көріп:
«Сен неткен өміршең едің, балам! Мен сені аяққа тұрғызамын!» – деген екен. Бұл дерек бұрын Алматы гарнизоны тарапынан айтылған.
Соғыс жылдарындағы ерлігі үшін I дәрежелі Отан соғысы орденімен, екі мәрте Қызыл Жұлдыз орденімен және көптеген медальдармен марапатталған. Бейбіт уақытта Қазақстанның Құрметті азаматы атанып, Жеңістің 70 жылдығына орай «Құрмет» орденімен марапатталған. Соғыстан кейін Николай Александрович Алматы жаяу әскер училищесін бітіріп, бүкіл өмірін шекара қызметіне арнаған. Ол Түркия, Иран, Қытай және Жапониямен шекара бойында ел шекарасын күзеткен.