Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен өткен «Кітап – ұлттық құндылық» атты республикалық кітап фестивалінің екінші күні кітап сүйер қауым үшін тағылымды шараларға толы болды. Күн тәртібіндегі түрлі мазмұнды шаралар ұлттық рухты көтеріп, кітап оқуға деген қызығушылықты арттыруға бағытталды.
Фестиваль аясында республика көлемінде танымал кітап баспаларының жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Кітап сүйер қауым үшін бұл жәрмеңке тек кітап сатып алу мүмкіндігі ғана емес, жаңа авторлармен, шығармалармен жақынырақ танысу алаңына айналды.
Кештің ең әсерлі сәттерінің бірі – «Жыр жалыны» атты поэзия алаңы болды. Бұл алаңда жазба ақындар өз шығармаларын оқып, жүрекпен жазылған жырларын көпшілікке ұсынды. Ақындардың ішкі жан тебіренісі мен поэтикалық шеберлігі көрермендерді бейжай қалдырмады. Поэзия кеші тыңдармандарға рухани қуат сыйлап, ұлттық әдебиетіміздің тереңдігіне тағы бір мәрте көз жеткізді.
Фестиваль аясында өткен тағы бір маңызды шара – «Кітап – өмір ұстазы» тақырыбындағы жас ақындар айтысы болды. Бұл сахналық айтыс жас дарындардың суырыпсалмалық өнерін, тапқырлығын, әдеби сауаттылығын паш етті. Жас айтыскерлер тек кітаптың маңызын жырлап қана қоймай, ұлттық құндылықтарды, рухани мұраны насихаттауға үлес қосты. Олардың сөз саптауы мен ой тереңдігі көрермендердің ерекше ықыласына бөленді.
Сонымен қатар, фестиваль аясында бүгінгі күннің өзекті тақырыптарының біріне арналған семинар өтті. «Клипмейкинг және кітап оқу насихаты: Бейне контент. Креатив. Маркетинг ерекшелігі» атты тақырыпта өткен бұл семинарды Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының баспасөз хатшысы Ғалия Абылай жүргізді.
Семинар барысында бүгінгі ақпараттық кеңістікте кітап оқуды насихаттаудың тиімді жолдары, бейне контенттің рөлі, креатив пен маркетингтік әдістердің маңызы кеңінен талқыланды. Ғалия Абылай қазіргі заман оқырманына жетудің жолдарын, әлеуметтік желілердегі визуал контенттің тиімділігін мысалдар арқылы түсіндіріп, қатысушыларға тың ой мен шабыт сыйлады.
Фестивальдің екінші күні жастардың шығармашылығын қолдауға, кітапты дәріптеуге, жаңа медиа құралдарының мүмкіндігін тиімді пайдалануға бағытталған шараларымен есте қалды. Мұндай мазмұнды іс-шаралар ұлттық құндылықтарды ұлықтап, ұрпақ санасына кітаптың шынайы орнын сіңіруге ықпал ететіні сөзсіз.