Парламент Мәжілісінің Экология және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі комитетінде Каспий теңізіне қатысты жұмыс отырысы өтті.
«1900 жылдан 2023 жылға дейін оның деңгейі минус 25,7 м (1900) минус 29,01 м дейін өзгерді. Яғни 1900 жылғы ең жоғарғы деңгей мен 1977 жылғы ең төменгі деңгейдің арасындағы айырмашылық үш метрден асады. 2006 жылдан бастап Каспий теңізінің деңгейі төмендеп келеді және қазір Каспий теңізінің деңгейі минус 29,21 м, бұл тарихи минимум», — деді министрлік өкілі.
Ведомство өкілінің сөзінше, теңіз деңгейінің төмендеуі нәтижесінде теңіз су акваториясы солтүстік-шығыс бөлігі таяздығына байланысты қысқарған.
«Климаттық және антропогендік әсерлерден өзен ағынының төмендеуі, ауа температурасының көтерілуіне байланысты булануы артты, аймақтағы жауын-шашынның азаюы теңіз деңгейінің төмендеуінің негізгі факторларына жатады. 2006-2023 жылдар аралығында Каспий теңізіндегі жауын-шашын 65 мм-ге азайды. Осы жағымсыз факторлардың барлығы Каспий теңізіне құйылатын судың азаюы аясында байқалады», — деді Болат Бекнияз.
Каспий теңізіне шамамен 130 өзен құяды, бірақ ағынның негізгі бөлігі Волга өзенінен келеді, бұл ағынның 80%-дан астамын қамтамасыз етеді. Жайық өзенінің ағысы жалпы ағынның 3%-нан аспайды.
«Ғылыми бағалауларға сәйкес, қазіргі климаттық үрдістер мен суды басқару режимдері сақталса, Каспий теңізі деңгейі одан әрі төмендейді деп болжанып отыр. Каспий теңізі деңгейінің төмендеуіне жол бермеу үшін судың түсуі мен шығуы арасындағы тепе-теңдік қажет», — деді ол.
Былтыр тасқын кезінде Жайық өзені арқылы Каспий теңізіне 17 км³ су құйылған. Кейінгі бес жылда Жайық өзені ағынының азаю үрдісі байқалған.
«Егер барлық Каспий маңы мемлекеттерінің бірлескен күш-жігері жасалмаса, 2030 жылға қарай теңіз деңгейі ғылыми болжам бойынша минус 29,5-30,2 м-ге дейін жетуі мүмкін», — деді ол.