Солардың бірі – 11 жасар Razvan Andrei Mucica өзінің интеллектуалды спорт түріне деген құштарлығы мен шеберлігін танытты.
Астана қаласында Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл əлем үшін маңызды шараға айналған Дүниежүзілік көшпенділер ойындары жалғасуда. Тоғызқұмалақ сайысына қатысушылардың бірі – Румыниядан келген 11 жасар Razvan Andrei Mucica.
Ол тоғызқұмалақ ойыны жайлы небəрі бір жыл бұрын, 4-сынып оқып жүргенде білген. Ежелгі ойынның стратегиялық жəне зияткерлік тереңдігі оған ерекше əсер қалдырған. Ақыл-ойға, тапқыр тəсілдерге негізделген спорттың бұл түрі баланы бірден баурап алғандықтан, ол ойын ережелерімен танысып, дағдыларды меңгере бастайды.
Румынияда осы зияткерлік ойынды насихаттаумен ЮНЕСКО белсенді түрде айналысып келеді. Мектеп бағдарламасына тоғызқұмалақ сабақтарын енгізу шараларын да жүзеге асырған. Андрей оқитын мектепте түрлі ойындар мен шеберлік дəрістерінің өтуі оның білім алуына ғана емес, сыныптастарын шабыттандыруға да əсер етті. Спортшының өзі айтқандай, бүгінде бірге оқитын 10 шақты оқушы оны қолдап, тоғызқұмалақ ойнауға əуестене бастаған.
Айта кетерлігі, Andrei Алматыда өткен тоғызқұмалақтан Əлем чемпионатына қатысқан. Дайындық уақыты аз болғандықтан, мұндай маңызды додада 4-орынға ілігуін де зор жетістік, жоғары көрстекіш деп санайды.
Balint Claudia-Crina мұғалімінің айтуынша, ЮНЕСКО-ның тоғызқұмалақ ойынын үйрету жобасы Румыниядағы көптеген мектепте жүзеге асқан жəне қазірдің өзінде 60 мыңнан аса баланы қамтиды.
«Ай сайын мектепте ата-аналар үшін тоғызқұмалақ ойынын үйренуге жəне түрлі сайыстарға қатысуға мүмкіндік беретін ашық сабақтар өтіп тұрады. Нағыз мерекеге айналып келе жатқан бұл іс-шараны отбасы мен қоғамдастықты спорт пен мəдениеттің төңірегіне тоғыстыратын көшпенділер ойындарымен салыстыруға да болады», — дейді оқытушы.