Бұрын «әйел теңдігі» ұғымы-мәселе болса, бүгінгі күні ол «гендерлік теңдік» деген үлкен саясатқа ұласып, мемлекет басшысының қолдауымен осы гендерлік теңдік аясында «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы» Заң қабылданды. Бұл Заң тек әйелдерге ғана емес, отбасының басқа да мүшелерінің тең құқықтарын сақтап, тұрмыстағы, қысымды болдырмауға ықпал етеді.
Жалпы, гендерлік саясат — әйелді атқа мінгізіп, төрге сүйреп, еркектің басын көрге сүйрейтін саясат емес, керісінше екі жұптың теңдігін әспеттеу, іскерлік қарым-қабілеті мол әйелге қолдау көрсету. Яғни, қалыпты өмір ырғағын бұзатын жағымсыз әрекеттерге заңмен тосқауыл қою арқылы ерлерінен жәбір көретін әйелдерді қолдап, отбасында тепе-теңдік пен үйлесімділік, гармония орнату.
Бүгінгі таңда біз білетін қазіргі әйел бейнесінің қыры көп. Айталық, әйел — саясаткер, әйел — көлік жүргізуші, әйел — бала тәрбиелеуші, әйел — үй күтуші, әйел — заңгер, әйел — экономист, әйел…тізімді әрі қарай жалғастыра беруге болады. Әрине, әйел, ең бастысы — ана. Мемлекеттік тұрғыдан қарастыратын болсақ, әйелдің қоғамның барлық саласына ер азаматтардан қалыспай, белгілі дәрежеде ірі қайраткерлер есебінде қызметтер атқаруы еліміздің нығаюына оң ықпалын тигізуде.
Қазақстан бәсекеге қабілетті елдер қатарында мәңгі тұрақтануы үшін әйел мен еркектердің барлығы бәсекеге қабілетті болуы керек. Яғни, біз басқа мемлекеттерден мәдениет, білім, ғылым жағынан артта қалмауға тиіспіз. «Қоғамдық прогрессті әйел жынысының қоғамда алатын орнымен дәл өлшеуге болады», — деп жазған екен Карл Маркс. Сондықтан да, әлем елдерінің алдындағы оң саяси имиджімізді бұдан да мықтырақ ету үшін демократиялық қағидаттарға негізделген гендерлік саясаттың арнасын кеңейтуіміз керек.
Бізге бұл тұрғыда әлі де болса стереотиптер мен қатып қалған ұстанымдар бөгет болуда деп ойлаймын. Осындай жағдайда гендер мәселесін дәстүрлі дүниетаным шеңберінде қарастырудың мәні зор. Қоғамда қалыптасқан түсінікке тоқталсақ, әйел адамның негізгі жаратылысы – үй және жанұя, әйелдер жақсы басшы бола алмайды, әйелдің жұмыс істеуі балаларына жағымсыз әсер етеді, қоғамда қылмыстың өсуіне ықпал етеді, әйелдер сәттілікке ұмтылмайды, саясат — әйелдің ісі емес деген сияқты түрде болады. Яғни, оның басты міндеті -жас ұрпақты тәрбиелеудегі рөлі депқана түсіну қалыптасқан. Бұндай көзқарасты ер адамдардың көпшілігі ұстанады десем қателеспеймін.
Десек те, қызметке қолын бір сілтеп, ошағының қамын ойлаған қыз-келіншектер ерінен опасыздық көріп, жастайынан жесір қалып жатқан жоқ па? «Сүйемін» деп соңғы сөзін айтқан талайлар қарындастарымызды қан жылатып, өз қанынан өзі безініп жүргенін жалған дей алмаймыз. Отбасының шырайын келтіріп, бала-шағасының жағдайын жасап отырса да, кейбір әйелдер күйеуі жағынан қысым көреді. Жылы құшақ жұдырыққа айналып, барар жер, басар тау қалмаған жағдайдың өзінде де кейбір әйелдер полицияға барып, көмек сұрамайды. Оған себеп, қазақ әйелдеріне тән мінез болса керек, «бас сынса, бөрік ішінде»- деп қарап, көп жайт отбасының аясында қалып қояды. Ал, енді бірі өмір бойы жолдасынан зәбір көріп, балалар үшін шыдайын, солар өссе бәрі ұмытылады, бақытты ғұмыр кешермін» деп шыдап келгенмен, өмір бойы көрген тәрбиесі сол, кикілжіңі көп болатын отбасында өскен балалар есейген соң не әкесінің, не шешесінің отбасында өзін-өзі ұстау үлгісін алып, қартайған аналарына зәбір көрсетіп те жатады.
Адамға жасынан бұлақ суындай мөлдір, айнадай таза болып өмір сүруге машықтандыру үшін аса үлкен тәрбие керек. Сондықтан, әйелді де, баланы да ұрмай-соқпай-ақ ақылмен басқара білген жөн. «Әйелді ұрма, сағы сынады, баланы ұрма, бағы сынады» деген ата-бабаларымыз!
Ер азаматтың тірегі, қамқоршысы болған әйелдер – қамыққанда сүйеу, тарыққанда тіреу, қам көңілге жұбаныш бола білген. Кезінде аты әділдігімен аңыз болып, “Жеті жарғыны” құрастыруға қатысқан Әнет баба: “Әйел – жеті қазынаның бірі ғана емес, біріншісі. Дүниедегі барлық тіршілік атаулының анасы – әйел. Сондықтан оған тіл тигізуге де, қол тигізуге де болмайды”, – деген. Данышпанның осындай ойлы сөздеріне алып-қосарымыз жоқ-ау, сірә.
Қорытындылай келе, ер азаматтарымызға: отбасының ұйытқысы, берекесі, қамқоршысы әйел затын аялайық дегім келеді. Ал, әйелдер, сіздер, бұдан да жақсы өмір сүруге, бақытты ана, сүйікті жар болуға лайықсыздар!
Тараз қаласының №2 сотының судьясы Е.Б. Жаманқұлов