Халықаралық бұқаралық ақпарат құралдары Қазақстан экономикасының жаһандық экономикалық баяулау жағдайында тұрақты өсім көрсетіп отырғанын атап өтті.
Reuters агенттігінің сайтында жарияланған World Impact Media Organization (WIMO) ұйымының талдауында Қазақстанның экономикасы әртараптандырылып, инвестициялық тартымдылығы артып келе жатқаны айтылған. Сарапшылардың бағалауынша, ел экономикасы шикізатқа тәуелділікті біртіндеп азайтып, тұрақты даму бағытын ұстануда.
Мәліметке сәйкес, 2025 жылы Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 6,5 пайызға өссе, 2026 жылдың алғашқы бес айында экономикалық өсім 3,7 пайызды құраған. Құрылыс саласы 13,4 пайызға, өңдеу өнеркәсібі 9 пайызға, көлік және қоймалау қызметтері 8,4 пайызға, сауда көлемі 5,6 пайызға артқан.
Сондай-ақ 2025 жылы елге тартылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 20,5 миллиард АҚШ долларына жетіп, бір жыл ішінде 14,4 пайызға өскені көрсетілген. Сарапшылар инвестициялардың тек өндіруші салаға емес, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, энергетика, көлік және цифрлық инфрақұрылым бағыттарына да белсенді тартылып жатқанын атап өткен.
WIMO сарапшылары жүргізіліп жатқан реформалар мен қолайлы инвестициялық ортаның қалыптасуы Қазақстанның халықаралық бизнес үшін сенімді әрі болжамды серіктес ретіндегі позициясын нығайтып отырғанын атап өтті.







