Тараз топырағы қашанда аяқ добы шеберлерінен кенде болған емес. Бүгінде еліміздің командаларында доп теуіп жүрген талантты футболшыларымыз жетерлік. Солардың ізін басып келе жатқан жас футболшылардың бірі Еркебұлан Сейдахмет. Ол былтыр Ресейде өткен «Гранаткин» турнирінде еліміздің жастар құрамамыздың қатарында жасындай жарқылдап, көзге түскен болатын. Бұдан соң жас талантқа футбол мамандарының көздері түсіп, Қазақ футболының болашағы деген пікірлерін қарша боратқан еді. Сондай-ақ тараздық талантқа Ресейдің «Зенит» футбол клубынан ұсыныс та түскен. Дегенмен жасы 18-ге толмаған Еркебұлан ол ұсынысты бір жыл кері шегерген болатын. Сондықтан жергілікті «Тараз» командасының сапына алынып, өткен жылғы бәсекеде облыс намысын қорғады. Ал енді алдағы ақпан айында 18 жасқа толатын футболшы Ресейдің «УФА» футбол клубына аттана ма? Осы орайда Еркебұланмен сұхбаттасқан едік.
– Уфаға кететінің рас па?
– Ия, мен үш-төрт күннен соң «УФА» футбол клубымен Кипрға оқу-жаттығу жиынына кетемін. Ал ақпан айында 18 жасқа толған соң бірден келісім шартқа қол қоямын.
– Станимир Стойлов команданы жақсы нəтижелерге жеткізген жаттықтырушы. Сенің ойыңша, оның Астанада қалғаны дұрыс па?
– Станимир Стойлов жақсы жаттықтырушы. Оның Астанада қалғанын дұрыс деп санаймын. Ол команданың алдағы уақытта жақсы жетістіктерге жеткізеді деп ойлаймын.
– Биыл Қазақстан Чемпионатында қай команда чемпион болады деп ойлайсың? Астана əлде Қайрат?
– Менің ойымша Қайрат болатын сияқты. Астана төрт жыл қатарынан чемпион болды. Ендігі кезек Қайратта деп ойлаймын. Олардың құрамы жақсы жасақталған. Сондықтан олардың уақыты келген сияқты.
– Андрей Аршавин алдағы әлем чемпионатында Ресей құрамасына барса, жерлестеріне серпіліс бере ала ма?
– Аршавин тəжірибесі мол спортшы ғой. Ол футболшы ойнаса өзін көрсете алады деп ойлаймын. Оның бойында барлығы бар тәжірибе де күш те.
– Сеніңше, Александр Бородюк ұлттық құраманың жаттықтырушысы болып қалғаны дұрыс па əлде орнын босату керек пе?
– Бородюк жақсы жаттықтырушы. Тек оның жеңіске ие болуының сəті түспей жүр. Қалғаны дұрыс деп ойлаймын. Біздің құрама келесі іріктеу бәсекелерінде жоғары нəтиже көрсететініне сенімім мол.
– Қазақстанның ойынына не жетіспейді?
– Ол жағын білмеймін. Себебі мен әлі Қазақстанның құрамасында болған жоқпын.
Сұхбаттасқан Абзал Есенұлы.
TURANINFO.KZ