— Ердос мырза, Салада жүргеніңізге қанша уақыт болды? Неден бастадыңыз? Бұл қызметке қай уақыттан бастап кірістіңіз?
– Спорт саласындағы еңбек жолым 2008 жылы басталды. Алғашқы қызметімді №7 Күрес мектебінде грек-рим күресінен жаттықтырушы ретінде атқардым. Сол жылы қараша айында мектеп-интернатқа жұмысқа орналасып, онда әдіскер, спорт меңгерушісі және ғимарат меңгерушісі сынды бірқатар лауазымда еңбек еттім. 2012 жылдың наурыз айынан бастап 2021 жылға дейін мектеп-интернат директорының орынбасары қызметін атқардым. Кейін, 2021 жылы облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне ауысу тәртібімен басшының орынбасары қызметіне ауыстым. Ал 2024 жылдың 14 наурызынан бастап осы мекемеге басшы болып тағайындалдым.
– Мектепке басшылық қызметке келгенде алдыңызда қандай мақсаттар болды?
–Басшылық қызметке тағайындалған сәттен бастап алға қойған басты мақсаттарымның бірі – мекемеміздің спортшыларын жас ерекшеліктеріне сай дайындап, оларды ел біріншіліктері мен халықаралық деңгейдегі Азия және Әлем чемпионаттарына шығару болды.
– Жалпы мектептің бүгінгі ахуалы қандай? Материалдың-техникалық базасына спортшылардың көңілі тола ма?
– Бүгінгі таңда мектептің жағдайы өте жақсы. Басқарма басшысы Ернар Таласбекұлының тапсырмасына сәйкес, 2024 жылы бірқатар міндеттер жүктелді. Соның ішінде мекеменің материалдық-техникалық базасын жаңарту бағытындағы тапсырмалар да бар. 2024 жылдың желтоқсан айынан бастап, облыста жасөспірім футболшыларға арналған жабық зал болмағандықтан, бөлінген бюджеттен қысқартылған қаражат есебінен 29 миллион теңгеге үрлемелі купол салынды. Қыс мезгілінде балалар сол жерде жаттығу жасап, ойнау мүмкіндігіне ие болды. Жылыту жүйесімен қамтылған бұл зал өте ыңғайлы болды. Алдағы уақытта да қыс айларында жаттығулар үзілмей жалғасуына үлкен мүмкіндік береді. Мұның бәрі – мемлекет тарапынан спорт саласына көрсетіліп жатқан қолдаудың нақты көрінісі деп білемін.
– Саладағы негізгі күрмеулі мәселелер деп нені айтар едіңіз?
–Бізде шешімін таппай жатқан күрделі мәселе жоқ. Мемлекет тарапынан қаржы бөлініп, спортқа қажетті деңгейде көңіл бөлінуде. Біздің жаттықтырушылардан күтеріміз – балаларды үлкен жетістіктерге жетелеп, спорттық биікке жеткізу. Себебі бұл – спорт мектебінің басты мақсаты. Бірақ, тек спортпен шектелмей, жас өрендерді тәрбиелеу, қоғамда өз орнын таба білетін, сабырлы, мәдениетті тұлға қалыптастыру да басты міндетіміз. Спорт деген – тәрбие. Әрине, он баланың бәрі бірдей чемпион бола алмайды. Бірақ соның ішінен екі-үшеуі биікке шықса, қалғандары елге адал қызмет ететін, отбасын қорғай алатын, саналы азамат болып өседі деген сенімдеміз. Себебі спорт – денсаулықтың ғана емес, тәрбие мен рухани кемелдіктің де кепілі. Сондықтан біз балаларға жан-жақты тәрбие беруге күш салып жатырмыз.
– Жалпы спортшылардың жетістіктерін атап өтсеңіз…
– Жетістіктерге тоқталсақ, 2023 жылдан бері Әлем чемпионатынан 47 медальға қол жеткіздік. Оның ішінде 26 – алтын, 8 – күміс, 13 – қола. Азия чемпионатында 5 медаль иелендік, барлығы да – алтын. Азия кубогында 13 медаль бар: 4 – алтын, 7 – күміс, 2 – қола. Ел біріншілігінде 23 – алтын, 15 – күміс, 21 – қола медаль еншіледік. 2024 жылы Әлем чемпионатынан 5 медаль алынды: 3 – алтын, 1 – күміс, 1 – қола. Азия чемпионатында 3 – алтын, 2 – күміс медаль алдық. ҚР чемпионатында барлығы 42 медаль: 16 – алтын, 17 – күміс, 9 – қола. 2025 жылы еліміздің чемпионатында 8 медаль бар: 4 – алтын, 1 – күміс, 3 – қола. Спорттық атақтар бойынша 2023 жылы 7 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 11 ҚР спорт шебері, 60 үміткер даярланды. 2024 жылы 1 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 6 ҚР спорт шебері, 68 кандидат және 33 бірінші разряд спортшысы шықты. 2025 жылы 75 үміткер тіркелді.№5 спорт мектебінің мақтаныштары – Түркияның «Бешикташ» футбол клубының ойыншысы Бахтиёр Зайнутдинов, «Ақтөбе» футбол командасының ойыншысы Бауыржан Исламхан, Сейдахмет Еркебұлан. Жыл сайын «Тараз» жасөспірімдер командасына 15-16 ойыншы беріліп отырады. Бұл жетістікке Жамбыл облысы бойынша «Ұлан» стадионының тәрбиеленушілері мен жаттықтырушылары зор үлес қосып келеді. Қазіргі таңда 2008, 2009, 2010 жылы туған жеткіншектер айтарлықтай нәтиже көрсетуде.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбат Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты №5 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі мен Turaninfo.kz ақпарат агенттігі арасындағы өзара келісімшарт негізінде жарияланды.