Kaspi.kz пен ІІМ көші-қон қызметі және Әділет министрлігі мен ЦДИФӨМ-нің бірлесе жүзеге асырған жаңа қызмет түрі ҚР азаматтары үшін бүгіннен бастап қолжетімді. Осылайша аталған мобильді қосымшаның пайдалану аясы кеңею үстінде. Бұл туралы ҚР ІІМ ресми сайтында мәлім болды.
Бұл қызмет арқылы үй иесі өзін және отбасы мүшелерін (14 жастан асқан балалар), сондай-ақ бірге тұратын басқа да адамдарды өз пәтерінде тіркей алады. Сонымен қатар меншік иесі өз үйінен бірге тұрмайтын адамдарды өз бетінше тіркеуден шығара алады.
Егер сіз үйдің иесі болмасаңыз және біреуге тіркелгіңіз келсе, онда сервистің өзі үй иесінің келісімін сұрайды.
– Біз Kaspi.kz-те жаңа қызметтерді іске қосуды жалғастырып жатырмыз. Сіз мемлекеттік мекемелерден анықтама ала аласыз, балаларға арналған жәрдемақыларды рәсімдей аласыз, тұрғылықты жеріңіз бойынша тіркеле аласыз және басқа да көптеген мәселелерді тез шеше аласыз. Біз ІІМ, Әділет және Цифрландыру министрліктеріне, сондай-ақ басқа да мемлекеттік органдарға мемлекеттік қызметтерді қазақстандықтар үшін одан да ыңғайлы және қолжетімді ету мүмкіндігіне алғыс айтамыз”, – деді Kaspi.kz басшысы және құрылтайшысы Михаил Ломтадзе.
ҚР Ішкі Істер министрлігі полиция қызметін цифрландыру бойынша мемлекет басшысының тапсырмасын жүйелі түрде орындап келеді.
– Мобильді қосымшалар қарапайым және түсінікті, ал оларды пайдалану көрсетілетін қызметті алушы мен қызметкердің тікелей байланысын болдырмайды. Сондықтан ІІМ халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді смартфондарға шығаруға ерекше назар аударады. Ең көп сұранысқа ие мемлекеттік қызметтер онлайн режимде қолжетімді. Енді азаматтар ХҚКО мен полицияға барып, кезекте тұрып, уақыт жоғалтпайды, – деп атап өтті ҚР ІІМ көші-қон қызметі комитетінің төрағасы Аслан Аталықов.
ЦДИАӨМ-нің хабарлауынша екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы цифрландыру жұмыстарын жүргізу өте қолайлы. Әрі жыл сайын қолданыс аясы кеңейіп, танымалдылығы артып келеді. Мысалы былтырдың өзінде осындай платформалар арқылы миллионнан астам операциялар орындалған.
Тіркеу кезінде ЖСН енгізу жеткілікті, ал аты-жөні мен мекенжайы автоматты түрде пайда болады. Қызметті пайдалану қауіпсіздік жағы да жолға қойылған. Тіркелу кезінде фото сәйкестендіруден өту керек. Бұл сізден басқа ешкім сіздің атыңыздан аталмыш қызметті пайдалана алмайтындығына кепілдік береді.