Ұлттық статистика бюросының алдын ала мәліметтеріне сүйенсек, 2026 жылдың қаңтар–сәуір айларында еліміздің ЖІӨ өсімі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,6%-ға жетті. Бұл көрсеткіш бірінші тоқсанның қорытындысымен (3%) салыстырғанда экономикалық өсім серпінінің айтарлықтай жақсарғанын дәлелдейді.
Өнеркәсіп секторында да елеулі ілгерілеушілік байқалады: егер бірінші тоқсанда өндіріс көлемі 99,9%-ға дейін төмендеген болса, төрт айдың қорытындысы бойынша нақты көлем индексі 102,1%-ды құрап, оң аймаққа шықты. Өнеркәсіптің қайта жандануына, ең алдымен, өңдеу секторындағы өсімнің 8,5%-дан 9,9%-ға дейін жеделдеуі тікелей әсер етті. Әсіресе, машина жасау саласы көлік құралдары, ауыл шаруашылығы және теміржол техникасы, сондай-ақ электр жабдықтарын шығару есебінен 23,3%-дық жоғары көрсеткішті сақтап отыр. Сонымен қатар жеңіл өнеркәсіпте өндіріс 2,3 есеге артып, жиһаз (41,7%), фармацевтика (35,2%), құрылыс материалдары (27,7%), химия өнеркәсібі (18,4%) және тамақ өнімдері (14,4%) салаларында да қарқынды өсім тіркелді.
Тау-кен өнеркәсібінде төмендеу үрдісі әлі де сақталғанымен (92,7%), оның қарқыны алғашқы үш айдағы 88,6%-бен салыстырғанда айтарлықтай бәсеңдеп, мұнай секторының жалпы экономикаға тигізер теріс әсері азая бастады. Жалпы алғанда, жыл басынан бергі экономикалық серпін негізгі салалардағы тұрақтылықпен қамтамасыз етілді. Атап айтқанда, құрылыс саласы 114,5%, көлік және қоймалау 112%, өңдеу өнеркәсібі 109,9%, сауда 105,1% және ауыл шаруашылығы 103,6% деңгейінде өсім көрсетті. Бұл деректер қазіргі таңда Қазақстан ЖІӨ-нің нақты өсімінде шикізаттық емес сектордың рөлі артып, экономика құрылымының сапалы түрде нығайып келе жатқанын айғақтайды.







