Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасы «Өңірлік коммуникациялар қызметінің» ақпарат алаңында Жамбыл облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашевтың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Берік Болатұлы егістік, суармалы жерлерді тиімді пайдалануды қамтамасыз ету туралы баяндап, журналистердің сұрақтарына жауап берді.
2019 жылы агроөнеркәсіп кешенін қолдауға барлық көздерден – 30,4 млрд. теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен – 20,2 млрд. теңге, жергілікті бюджеттен — 10,2 млрд. теңге бөлініп, өткен жылмен салыстырғанда 12,4 млрд. теңгеге артты.
Жыл басынан бері салада 275,6 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда 104,4 пайызға артса, оның ішінде егін шаруашылығында – 168,9 млрд. теңгенің, мал шаруашылығында – 105,0 млрд. теңгенің өнімі өндірілді.
Салаға 22,7 млрд. теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 118,6 пайызға артса, тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына 6,5 млрд. теңге инвестиция салынып, 152,9% артты.
2019 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқабы 687,1 мың гектарға жетіп, 9,7 пайызға артты. Биылғы жылы 333,5 мың гектар масақты денді дақыл дарегін орағына түсіп, әр гектардан алынған орташа өнім 23,0 центнерді құрады және 763,2 мың тонна астықбастырылып, 92,2 мың тонна өнім артық алынды.
Жалпы жоғары өнімге қол жеткізудің негізі — ол ауыл шаруашылығы техникаларының жаңаруы. Өңірде жыл басынан бері 614 ауыл шаруашылығы техникалары алынып, 7,3 пайызға жаңартылса, өткен жылы бұл көрсеткіші 5,6% құраған болатын.
Биылғы жылы аймақта 5,6 мың гектарға қант қызылшасы отырғызылды. Дегенмен, жоғары жоғары сұрыпты тұқым себудің нәтижесінде рекордтық көрсеткішке қол жеткізіліп, әр гектардан алынған тәтті түбір 320,2 центнерді құрап отыр. Қазіргі уақытта қант қызылшасын жинау жұмыстары жалғасуда. Жыл соңына дейін қант зауыттарына 125-130 мың тонна тәтті түбір өткізу жоспарланып, болжаммен 17 мың тонна отандық қант өндіріледі деп күтілуде.
Облыста ағын суды үнемдеу және өнім көлемін арттыруға қол жеткізу мақсатында ылғал сақтау технологиясы биыл 29,0 мың гектар егіс алқабына енгізілсе, су үнемдеу технологияларының көлемі 20,5 мың гектар алқапқа жетіп, 12,6 пайызға артты.
Аймақта 2015 жылы отырғызыла бастаған үдемелі бақтардың көлемі 1064 гектарға жетіп, облыстағы бақтар 3375 гектарды құрады.
Облыста аумағы 32 гектарды құрайтын 300 дана жылыжай болса, олардан 2019 жылдың 1 кезеңінде 2,9 мың тонна өнім алынды. Бұл маусымаралық кезеңде ішкі нарықты 23%-ға қамтуда. Қазіргі уақытта қосымша қажетті 37 гектар жылыжайлар құру жұмыстары жүргізілуде.
Аймақта мал басы саны артып келеді. Биылғы жылы облыстағы мүйізді ірі қара саны – 400,8 мың басты құрап, өткен жылмен салыстырғанда – 4,1%-ға, қой мен ешкі саны — 3,1 млн. басқа жетіп, 3,1%-ға және жылқы саны 128,3 мың басты құрап, 7,9%-ға артса, құс саны – 1,7 млн. басқа жетіп, 16,0%-ға өсті.
Облыста 2018-2027 жылдар аралығында етті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы бойынша «Сыбаға» бағдарламасы арқылы шет елден 4 000 бас МІҚ малын әкелу жоспарланса, бүгінгі күні 2 923 бас МІҚ малы әкелінді. Нәтижесінде, асыл тұқымды мал басы артып, соңғы үш жылда шет елден 6 мыңға жуық МІҚ жеткізілді.
Осылардың негізінде облыста 5 репродуктор-шаруашылық құрылып, облыста асыл тұқымды МІҚ малының жалпы пададағы үлес салмағы – 26,0%, қой – 24,0% құрады және республикада алдыңғы қатардан көрінуде.
Сондай-ақ, облыста «Ырыс» бағдарламасы бойынша замануи 2 сүт тауарлы фермасы құрылып, қазіргі уақытты Байзақ ауданындағы «Ақжар» және Жамбыл ауданындағы «Бірлік» шаруа қожалықтары игілін көруде.
Облыста негізгі аул шаруашылығы өнімдерінің өндірісі де артып, еттің сойыс салмақтағы өнімі – 3,7%-ға, сүт өндірісі – 2,8%-ға жұмыртқа өндірісі – 3,3%-ға ұлғайды.
Ағымдағы жылы 1500 тонна сиыр және 2000 тонна қой етін экспорттау жоспарланса, жыл басынан 2106,8 тонна ет Иран, Бахрейн, Катар корольдігі, Біріккен Араб Әмірліктері және Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан елдеріне экспортталды. Оның 1127,7 тоннасы сиыр, 979,1 тоннасы қой еті.
Облыста сыйымдылығы 27,0 мың басты құрайтын, 11 ірі бордақылау алаңдары жұмыс істейді. Бүгінгі күні бұл алаңдарда 3 523 бас бұқашық бордақылануда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты биылғы алғашқы Жолдауында «Біз суармалы жер көлемін кезең-кезеңімен 2030 жылға қарай 3 миллион гектарға дейін ұлғайтуымыз керек. Бұл ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 4,5 есе арттыруға мүмкіндік береді, – деп атап көрсеткен болатын.
Жалпы, облысымыздағы суармалы жердің көлемі 1991 жылы 209,1 мың гектарды құраса, 2018 жылы 182,4 мың гектар болды. Бүгінде пайдаланудағы осы алқаптың 97 мың гектары қолданыстағы суармалы жерлер болса, 86,2 мың гектары қалпына келтірілуге жатады. Сондай-ақ облыстың суармалы жерлерін ұлғайту бойынша әзірленген картаға сәйкес жайылымға ауысып кеткен 24,7 мың гектар суармалы жердің 17,1 мың гектары қайтадан суармалы жерге ауыстырылады.
Сонымен қатар, облыс аумағындағы осындай жерлерді ұлғайту мақсатында «Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында бөлініп жатқан 42,1 миллиард теңгеге және жоспар бойынша 2019 жылы – 284, 2020 жылы – 30,84 мың, 2021 жылы 41 мың гектар суармалы жерлерді қайта қалпына келтіру жоспарланған. Бұл жұмыстар Су ресурстары комитетінің «Қазсушар» республикалық мемлекеттік облыстық филиалы арқылы жүргізіледі.
Айта кету керек, 2015-2019 жылдары облыстың коммуналдық меншігіндегі 439 су шаруашылығы жүйелері (каналдар) республикалық меншікке өткізілсе, биыл аудандардағы қалған 16 коммуналдық меншіктегі ішкі шаруашылық су жүйелерін республикалық меншікке өткізу аяқталады.
Ағымдағы жылы жоспарға сәйкес облыс аумағындағы 17,1 мың гектар суармалы жер, сондай-ақ «Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру жобасының» — 2 фазасы» республикалық бағдарламасы бойынша 15,2 мың гектар суармалы жер қалпына келтірілуде. Оның ішінде Жамбыл ауданындағы 5 мың гектарды құрайтын «Қапал» шаруашылық аралық су жүйесі, Қордай ауданындағы 5 мың гектар Георгиевка магистральды каналының «Сол жағалау» су жүйесі және Шу ауданындағы 5,17 мың гектар «Оң жағалау» су жүйесі бар. Осы жұмыстардың нәтижесінде 109,2 мың гектар суармалы алқапқа ағын су жеткізіледі.
Әрине, суармалы жер тұрақты су көзін қажет етеді. Осыған орай су қоймаларының жағдайы да ретке келтірілуде. Мәселен, «Қарақоңыз», «Тасөткел», «Ынталы» су қоймаларына қайта жаңғырту жұмыстары аяқталса, 44,3 мың гектар жерді ылғалдандыруға болады.
Сонымен қатар, аталған бағдарлама аясында 2021 жылға дейін көлемі 40,9 миллион текше метрді құрайтын 3 су қоймасын, яғни Қордай ауданындағы Ырғайты өзенінде «Ырғайты» және Қалғұтты өзенінде «Қалғұтты» су қоймасы, Байзақ ауданындағы Талас өзенінде «Ақмола» су қоймасын салу жоспарлануда. Бұл су қоймаларының құрылысы аяқталғанда пайдаланудағы 34,5 мың гектар суармалы жерді сумен қамтамасыз ету деңгейі артады.
Өткен жылы аймақтағы ауыл шаруашылығы алқаптарындағы су жүйелері мен каналдарды тазарту және қалпына келтіру жұмыстарын тұрақты жүргізу мақсатында «Талас-Аса» су шаруашылығы кәсіпорны базасында облыстық механикалық жасақ құрылды. Оның материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында жергілікті бюджеттен 423,4 миллион теңге бөлініп, барлығы 17 бірлік мелиоративтік-құрылыс техникалары сатып алынды.
Жалпы, механикалық жасақтың күшімен 2018-2021 жылдары 388 километр су шаруашылығы нысандарын жөндеп, 20 мың гектардан астам суармалы алқаптарды қалпына келтіру көзделген.
2018 жылы механикалық жасақ 3 су қоймасына ағымдағы жөндеу жұмыстарын және 7 каналға механикалық тазалау жұмыстарын жүргізді. Сөйтіп, облыс көлемінде жалпы ұзындығы 26,8 километр канал тазаланып, 1404 гектар суармалы алқап қалпына келтірілді.
Ал биыл кәсіпорын ұзындығы 65 шақырымды құрайтын су жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізіп, 4843 гектар суармалы алқап қалпына келтірілді және екі жылда жалпы 6247 гектар алқап толық сумен қамтамасыз етілді.
Бұған қоса, қосымша суармалы алқапқа босалқы жерлерден 4,7 мың гектар суармалы алқап қосылады.
Нәтижесінде 2019-2021 жылдар аралығында барлығы 25,8 мың гектар суармалы жерлер айналымға қосылып, 86,2 мың гектар толық сумен қамтамасыз етіледі. Жалпы облыс бойынша суармалы алқап 210,6 мың гектарға жеткізіледі.