Жамбыл ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі арқылы дін саласы бойынша деструктивті діни ағым жетегіндегі азаматтармен оңалту, ақпараттық-түсіндіру, консультациялық, ағартушылық жұмыстарын жүргізу мақсатында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде «Жамбыл ауданына бІлікті теологтар мен дінтанушыларды тарта отырып, ақпараттық-түсіндіру, консультациялық, ағартушылық және оңалту жұмыстарын жүргізу» атты әлеуметтік жобаға арнайы қаражат бөлінген болатын. Тапсырысты орындауға 2022 жылдың қазанында «Жамбыл облысы Жастар ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі жеңімпаз болып табылып, ол ең алдымен іс-шаралар жоспарын бекітті. Сол жоспарға сәйкес аталған жоба бойынша 7 шара өткізіліп, оған мыңнан аса адам тартылды.
Іс-шараларда Қазақстанда, оның ішінде өңірімізде тұратын түрлі конфессиялар мен этностардың өзара қимылы мен бейбіт жағдайда қатар өмір сүруіне, халықтардың мәдениеті мен рухани мұрасына, деструктивті жалған діни және радикалды идеялардың зияндылығына бағытталған дін саласындағы мемлекеттік саясаттың мәні туралы ақпараттар берілді. Басқосулар барысында теологтар мен дінтанушылар діннің рухани-адамгершілік құрамдас бөлігі мәселелеріне, дәстүрлі емес діни ағымдардың әсеріне қарсы тұру шараларына ерекше назар аударды.
Өткізілген іс-шаралар бойынша тақырыптарға орай бейнебаяндар әзірленіп, әлеуметтік желілерде жарияланды.
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде Жамбыл ауданына білікті теологтар мен дінтанушыларды тарта отырып ұйымдастырылған кездесуге республикалық ақпараттық-насихаттық тобының мүшесі Өсімхан Аманбайұлы арнайы шақырылды. Ол қазақстандық қоғамның дәстүрлі, мәдени және отбасылық құндылықтарды нығайтуға бағытталған діни-ағартушылық жұмыстың, сонымен қатар діни экстремизмның алдын алуды көздеген рухани-ағарту шараларының халыққа берері көп екенін айтты.
Әрине, елімізде теріс пиғылды діни ағымдардың алдын алу, азаматтардың діни сауатын арттыру мақсатында қолға алынған игілікті істер аз емес. Атқарушы билік пен дін өкілдері арасындағы өзара байланысты нығайтып, осындай ағартушылық жұмыстар арқылы біз мемлекеттің баяндылығы мен тұрақтылығына кепілдік жасай аламыз. Бұл ретте ағартушылық, оңалту, насихаттық-түсіндіру жұмыстарын ғылым мен парасаттылыққа сүйене отырып жүргізу маңызды.
Исламбек ДАСТАН,
«Жамбыл облысы Жастар ұйымдарының қауымдастығы»
заңды тұлғалар бірлестігінің президенті.