Керуеннің бағыты партия төрағасы Айбек Дәдебай бастаған Республикалық сайлауалды штабтың өңірдегі жұмысымен тұспа-тұс келді. Көшпелі форматтың арқасында үгіт-насихат тобы дәстүрлі сайлауалды кездесулер сирек өтетін шалғай ауылдарға дейін баруға мүмкіндік алды.
Сапардың басты мақсаты – «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасын таныстырып, сонымен қатар, ауыл тұрғындарының ұсыныс-пікірлерін тікелей өз ауыздарынан естіп, толғандырған өзекті мәселелеріне зерделеу.
Керуен алғашқы аялдамаларының бірі – Жуалы ауданындағы Бауыржан Момышұлы ауылына тұрақтады. Мұнда партия өкілдері «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы аясында жылдық 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алып, жеке шаруашылығын ашқан Қайрат пен Сая Дүйсеқұловтардың отбасымен жолықты. Бүгінде олар 14 бас ірі қара бағып, олардан күніге шамамен 50 литр сүт алып, өнімдерін жергілікті кооперативке өткізіп отыр.
Ерлі-зайыптылардың айтуынша, дәл осындай бағдарламалар жас отбасылардың ауылда қалып, өз кәсібін дамытуына мүмкіндік береді.
«Ауылда да жақсы табыс табуға болады. Осы бағдарламаның арқасында біз сияқты жас отбасылар өз кәсібін бастап, тұрақты табыс тауып, өз күнін өзі көре алады. «Әділет» партиясының бұл жобаны әрі қарай да дамытуды көздеп отырғаны қуантады. Сондықтан 23 тамызда отбасымызбен сайлауға барып, партияны қолдаймыз», – деді ерлі-зайыптылар.
Керуеннің келесі аялдамасы тағы сол «Ауыл аманаты» бағдарламасының қолдауымен құрылған ALI-KO SUT сүт өңдеу кооперативі болды. Бүгінде мұнда он адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал маңайдағы ауылдардың екі жүзге жуық тұрғыны күн сайын осы кооперативке сүт өткізеді. Кәсіпорын біреуге тұрақты жұмыс орны болса, енді біріне ауданнан шықпай-ақ өз шаруашылығының өнімін тұрақты өткізіп тұратын тиімді орынға айналған.
Дәл осы жерде сайлауалды штаб өкілдері ауыл тұрғындарымен кездесіп, жұмыспен қамту және халықтың табысын арттыру мәселелерін талқылады.
«Бүгінде ел халқының шамамен 37 пайызы ауылдық жерде тұрады. Соған қарамастан қала мен ауыл тұрғындарының табыс деңгейіндегі айырмашылық әлі де сол қалпы. Біз үшін адамның жай ғана жұмысы болғаны жеткіліксіз. Әр азамат тұрақты табыс тауып, өз еңбегінің қадірін сезініп, ертеңгі күніне сенімді болуы керек. Сондықтан «Әділет» партиясы «Ауыл аманаты» жобасын кезең-кезеңімен дамытып, оның аясын кеңейтуді және бір миллион ауыл тұрғынының табысын тұрақты арттыруды мақсат етеді», – деді партия өкілдері.
Жуалы ауданынан кейін көлік-керуен Нұрлыкент ауылына жол тартты. Мұнда кездесу ұзақ баяндамаларсыз, еркін пікір алмасу форматында өтті. Ауыл тұрғындары сұрақтарына жауап алып, ой-пікірлерін ортаға салды.
Көптен айтылып жүрген азаматтардың қарыз жүктемесі де кездесуде сөз болған түйткілдердің бірі. Партия өкілдерінің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстанда жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылданған. Бұл заң қиын қаржылық жағдайға тап болған азаматтарға мәселені заң аясында шешуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ «Қарызсыз қоғам» жобасының мүмкіндіктері де таныстырылды. Жоба аясында қазақстандықтарға қарыз мәселелерін реттеу бойынша тегін қаржылық және құқықтық кеңестер беріліп, жеке қаржыны тиімді басқаруға қолдау көрсетіледі.
Партия өкілдерінің пікірінше, бұл бағыттағы жұмысты жалғастыру қажет. Сондықтан «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасында «Қарызсыз қоғам» жобасын одан әрі дамыту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғауды күшейту, несие беру жүйесін барынша түсінікті әрі ашық ету, сондай-ақ қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтардың берешек мәселесін шешу тетіктерін жеңілдету көзделген.
«Қарызсыз қоғам» жобасы бүгінде бір миллионнан астам адамды қамтыды және біз бұл жұмысты жалғастыруға ниеттіміз. Жаңа конституция бойынша ең басты байлығымыз – адам. Партияның жаңа бағдарламасы сол адам төңірегіне жинақталып жатыр. Әлеуметтік көмекті жаңа форматта береміз. Бұл не үшін керек? Қазір белгілі бір категориялар бар, соған енген азаматтар осы көмекті ала алады. Бірақ, оған кірмейтін өздеріңіз сияқты қаншама адамға көмек беріліп жатқан жоқ, жетпей қалады. Олар нағыз мұқтаж адамдар. Сондықтан, біз көмекті категорияларға қарамай, нағыз мұқтаж жандарға береміз», – деді «Әділет» партиясының сайлауалды штабының өкілдері.
Дайындаған:
«Әділет» партиясының баспасөз қызметі.
«Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.
Тапсырыс беруші: Н.Т. Мыңжасаров.








