Шу теміржол стансасы мен ЭЧ-22 энергия диспетчерлігі қызметкерлерімен кездескен «Әділет» партиясының кандидаттары Жамбыл облысының 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын таныстырып, тұрақты жұмыспен қамту, инфрақұрылымды жаңғырту, цифрландыру және әлеуметтік саланы дамыту жоспарларына тоқталды.
Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары аясында Жамбыл облыстық мәслихаты депутаттығына партиялық тізім бойынша ұсынылған кандидаттар Серік Айдарұлы Алибеков, Айбек Амансейітұлы Кадралиев және Нұржан Қалмаханұлы Разымбеков Шу теміржол стансасының еңбек ұжымымен кездесті. Сонымен қатар кандидаттар Шу стансасының ЭЧ-22 энергия диспетчерлігі қызметкерлерімен жеке жүздесіп, сала мамандарымен ашық пікір алмасты.
Кездесулер барысында кандидаттар «Әділетті болашақ үшін» өңірлік сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырды. Әңгіме өзегіне әділ экономика қалыптастыру, тұрақты жұмыспен қамту, өңірлердің инфрақұрылымдық әлеуетін арттыру және тұрғындардың өмір сапасын жақсарту мәселелері айналды.
Бағдарламадағы «Сенімді жұмыс» бағыты бойынша 2031 жылға дейін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен шамамен 63,1 мың адамды қамту, 116 инвестициялық жобаны іске асыру арқылы 20 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын құру көзделген. Бұл міндеттер өңір экономикасын нығайтып, еңбек нарығындағы мүмкіндіктерді кеңейтуге бағытталған.
«Қуатты өңірлер» бағыты аясында да нақты міндеттер белгіленген. Атап айтқанда, 2031 жылға дейін облыста 456,5 шақырым автомобиль жолын жаңғырту, 30 елді мекенді газдандыру және 1,2 мың шақырым су құбырын жаңарту жоспарланып отыр. Сонымен қатар Тараз, Қаратау, Жаңатас және Шу қалаларында 70,5 шақырым жылу желісін жаңғырту көзделген.
Цифрлық инфрақұрылымды дамыту да назардан тыс қалмаған. Өңірлік бағдарламада ауылдық елді мекендерді интернетпен қамту деңгейін 2031 жылға қарай 100 пайызға жеткізу, 37 жаңа базалық станция орнату және аудандық деңгейде 10 IT-хаб ашу қарастырылған.
Әлеуметтік саланың маңызды бөлігі саналатын денсаулық сақтау бағытында 6 жаңа медициналық нысан салу, 2 нысанды кеңейту, 5 корпусты қайта жаңғырту және 17 нысанды жөндеу жоспарланған. Сондай-ақ 215 медицина маманына біржолғы әлеуметтік қолдау көрсету көзделген.
Кездесулер барысында теміржол және энергетика саласы қызметкерлерінің еңбек жағдайы, қауіпсіздік талаптары, әлеуметтік-тұрмыстық мәселелері мен кәсіби біліктілігін арттыру тақырыптары да қозғалды. Ұжым мүшелері өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныстарын жеткізді. Кандидаттар көтерілген мәселелерді тыңдап, өңірлік бағдарламада белгіленген міндеттер бойынша түсініктеме берді.
Кездесу соңында партия өкілдері теміржолшыларды 29 қараша күні өтетін Жамбыл облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауына қатысып, партиялық тізім бойынша ұсынылған «Әділет» партиясының кандидаттарына дауыс беруге шақырды.
Дайындаған: «Әділет» партиясы Жамбыл облыстық
филиалының баспасөз қызметі.
Тапсырыс беруші: Д. А. Каипов.
Жамбыл облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында
партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы»
қоғамдық бірлестігінің сайлау қоры қаражатынан төленді.







