Журналист Назира Даримбет «Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қорының президенті қызметіне сайланғанын мәлімдеді.
«Мен үшін бұл үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Маған сенім білдірген қордың құрылтайшылары мен Қамқоршылық кеңесінің мүшелеріне алғысымды білдіремін және бұл сенімді ақтауға бар күшімді саламын», – деп жазды ол.
Назира Даримбеттің айтуынша, бүгінде Қазақстан журналистері сот және әкімшілік қысыммен қатар, кибершабуылдар, әлеуметтік желідегі аккаунттардың бұғатталуы және онлайн-қудалау сияқты жаңа цифрлық қауіп-қатерлерге тап болып отыр. Осыған байланысты қор қызметін заман талабына сай жаңа деңгейге көтеру қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ ол «Әділ сөз» қорының негізін қалаушы әрі алғашқы президенті Тамара Калеева қалыптастырған қағидаттар мен құндылықтар ұйым жұмысының басты негізі болып қала беретінін жеткізді.
Еске салайық, бұған дейін қордың бұрынғы президенті Карлығаш Жаманқұлова Құрылтай сайлауына кандидат ретінде ұсынылуына байланысты өз өкілеттігін тоқтатып, қор құрылтайшылары құрамынан шығатынын мәлімдеген болатын.






