Халық қалаулысы атанып, ел мен билік арасында алтын көпір атану – үлкен жауапкершілік жүктейтіні ақиқат. Оның ішінде әрине жергілікті мәслихат депутаттарының да маңызы жоғары. Расында, бүгінде жергілікті мәслихаттарға өзін өзі ұсыну мен партия мүшесі ретінде ұсынылу сайлаушыларды таңдау арқылы жүргізілген болатын. Дегенмен «Сайлау туралы» Заңға өзгеріс енгізіліп, жергілікті мәслихаттарға партиялық тізім бойынша өтетіндігі баршаға аян. Жасыратыны жоқ, әлеуметтік желілердегі парақшаларда «Осы біздің депутаттар не істеп жүр?» деген сауалдар жиі қойылады. Осы орайда, сан сұрақтың жауабын алу мақсатында Жамбыл облыстық мәслихат аппаратына, сессияларына қатысуы мен қатыспауы, сұрау сауал жіберуі туралы ақпаратты назарларыңызға ұсынамыз.
Алтыншы шақырылған облыстық мәслихаттың депутаттарының сессияға қатысу туралы мәліметке сәйкес, 2016-2017 жылдары 18 сессия өтсе, оның бірде бір рет қалмаған мәслихат хатшысы Бағлан Қарашолақов, марқұм Нұрлан Ортаев, Жайдар Айтишев, Мұратқали Сәрсенов екен. Ал облыстық мәндегі түрлы маңызды мәселелер қаузалатын сессиялардың тек елу пайызына қатысқан Ғалымжан Сағынтаев. Яғни, бұл депутат ең көп қалған халық қалаулысы ретінде танылып отыр.
Жалпы, өткен жылы өткізілген он екі сессия отырысынан мүлдем қалмағандар қатарында Абай Нұржанов, Юрий Минаков, Бағлан Қарашолақов, Никон Ким бар. Ғалымжан Сағынтаев пен Халит Базаралиев секілді депутаттар жеті отырысқа қатыспаса, Дәрия Қожамжарова осындай алқалы жиындардың тең жартысына бармаған.
Негізінен жыл басынан осы уақытқа дейін сегіз сессия отырысы өткізілген болса, Алтай Райкулов, Бақытжан Сейткаримов, Масат Берік, Махамбет Дүйсембаев, Бағлан Қарашолақов, Әлімбек Джумабаев, Никон Ким, Тұрсынбай Халық биылдыққа бір жиналыстан қалыс қалмапты. Есесіне депутат Дәулетбай Есимбеков биылдыққа әріптестерімен алты рет жиналыста болмаған.
Қорыта айтқанда, алтыншы шақырылған облыстық мәслихатының 38 сессиясы өткізілсе, бірде біреуінде депутаттар толық қатыспапты. Яғни, әр отырыста ең аз дегені екі депутат, ең көп дегенде 11 депутат әріптестерінің қатарынан табылмаған. Анығында, Ғалымжан Таймасұлы (он жеті рет), Халит Базарбайұлы (он алты рет) қатыспай анти-үздік атанып отыр. Ал, әр сессияға мұқият қарап, мүлде қалмаған ол әрине мәслихат хатшысы Бағлан Қарашолақов.
Шындығында, сауал жолдап сайлаушыларының мұң мұқтажын билікке жеткізіп, оның орындалуын талап ету әр депутаттың басты міндеті. Бұл үдені халық қалаулылары қалай көтеріп жүр деген сауалға жауап алдық. Дейтұрғанмен жылына бір екі рет сауал жолдап қоятын депутаттардың бар екеніне көзіміз жетті. Отыз сегіз сессия отырысынан бес қана сауал жолдағандардың қатарын Юрий Минаков, Бақытжан Сейіткәрімов, Жайдар Айтишев, Бахтияр Алдашов бастап тұр.
Ал ең көп сауал жолдаған Мұратқали Сәрсенов, оның саны — 121. Екінші орында мәслихат хатшысы Бағлан Жиенәліұлы. Ол 82 рет сауалына жауап іздеген. Үздік үштікті 56 сауал жолдаған Гүлдара Нұрымова қорытындылап отыр.
Бұл ақпараттарды сауал арқылы алған болатынбыз. Себепсіз сессияға қатыспағандар депутаттық мандаттарынан айырылатындығын ескере кеткен жөн. Дегенмен түрлі себептермен қалғандардың қарасы көп. Рас, өмірде түрлі жағдайлар болады. Мүмкін халық қалаулылары сессия жұмыстарына селқос қарамаған да шығар. Дегенмен олар халықтың адамдары екендерін бір сәтте естерінен шығармағандары абзал. Өз кезегінде, біз олардың отырыстарға қатысу-қатыспау жөніндегі ақпараттарды саралап бердік. Қолымыздан келгенше, ашық ақпарат ұсынып отырмыз. Анығында, үздіктерді халық өзі анықтап алады. Яки, олардың жұмысы көрсетеді.
TURANINFO.KZ