17 шілдеден бастап Жамбыл облысының аумағында аптап ыстық орын алды. Секундына 12 м-ден асатын жел мен +35 градустан +38 градусқа дейін метожағдайда құрғақ шөп қана емес, жеке аумақтарда жиналған пішендер, сондай-ақ шаруашылық құрылыс нысандары да өте оңай өртке оранады.
Өткен демалыс күндері Қордай ауданы, Қордай ауылында, Талас
ауданы, Есейхан ауылында тұрғын үйлердің аумақтарында 2550 түк шөп жанып кетті. Ал Тараз қаласында шаруашылық құрылыстарындағы өрт көлемі 120 шаршы метрді құрады.
Жергілікті жерлерде облыстық ТЖД Өрт сөндіру қызметінің
бөлімшелері жұмыс атқарды. Аталған өрттерді жоюға барлығы 24 қызметкер мен 7 бірлік техника жұмылдырылды.
"Қазгидромет" РМК филиалының дауылды ескертуіне сәйкес, 20-22
шілде күндері Жамбыл облысының кей жерлерінде найзағай ойнап, дауыл
тұрып оңтүстік-батыстан соққан жел солтүстік-батысқа 15-20 м/с
жылдамдықпен ауысуы күтіледі. Тараз қаласында: 20-21 шілдеде күндіз күн күркіреп, дауыл соғады, оңтүстік-батыстан соққан жел солтүстік-батысқа ауысып, екпіні 15-20 м/с болады деп күтілуде.
Құрметті азаматтар, өртке жол бермеу және материалдық шығынға
ұшыраудың алдын алу мақсатында ТЖ департаменті Сіздерден қауіпсіздік
шараларын сақтауды сұрайды.