Бүгін COVID-19 коронавирусі кезінде жаназа намазы мен жерлеу рәсімін өткізуге қатысты баспасөз мәслихаты өтті.
Жиынға «Ақ жол», «Жамбыл-Тараз», «Арай», «Ғұмыр дария», «Знамия Труда»
газеттері мен «Қазақстан Тараз», «77» арналарының тілшілері қатысты.
Баспасөз мәслихатында қаралы үйлерге барушыларға індеттің жұғуының алдын алу шаралары тілге тиек етілді. Халықты сабырға шақырып, мұндай жағдайда шариғат тұрғысынан не істеуге болатыны айтылды.
Бас имам Бейбіт қажы Мырзагелдиев өз сөзінде: Ислам – адам баласының өмірін,
денсаулығын, сенімін, отбасын және абыройын сақтайтын қасиетті дін. Алла
Тағала: «Өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге салмаңдар», – деп ескерткен
(«Бақара» сүресі, 195-аят). Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен
сәлемі болсын): «Өзгеге және өзіне зиян тигізуге болмайды», – деген (Ибн
Мажә). Сондықтан өз өміріміз бен денсаулығымыз – Алланың бізге берген
аманаты. Мұсылман ғалымдары «Залалды жою пайда келтіруден бұрын тұрады»
деген (әл-Бахр әл-Мұхит, 7/280). Қазіргідей жұқпалы аурудың қаупі күшейген кезде
одан сақтану – әрбіріміз үшін міндет», – деп атап өтті.
Мұсылман ғалымдары: «Залалды жою – пайда келтіруден бұрын
тұрады» деп тұжырымдаған. Сондықтан жұқпалы ауру тараған кезде азалы
жиынға көпшілік болып жиналу еліміздегі санитарлық тәртіпке қайшы. Сол себепті
мұндай жағдайда жаназа намазы мен жерлеу істерін марқұмның ең жақын
туыстарымен өткізген дұрыс. Өйткені қайтыс болған мұсылманға жаназа намазын
оқу – парыз кифая.
Шариғат бойынша жаназа намазын жамағат болып оқу міндет емес, жалғыз имам
оқыса да жеткілікті. Алайда жаназаны үш қатар болып оқыған абзал. Ардақты
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
«Үш қатар жамағатпен жаназа намазы оқылған мұсылман мәйіттің күнәсі
кешіріледі», – деген. Үш қатар жеті адаммен де құрылады, яғни ең алдында имам,
үшеуі бірінші қатарда, екеуі екінші қатарда және біреуі артында тұрады.
Індет жұқтырған адамдардың саны көбейіп тұр, қаза тапқандар да аз емес.
«Сақтансаң – сақтаймын» демекші, әлемге қауіп төндірген дертке немқұрайлылық
таныту – өзіміз үшін ғана емес, айналамыздағы жандардың өміріне де әсерін
тигізері хақ.