Бұған дейін хабарлағанымыздай, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев барлық он аудан әкімдерінің есептерін тыңдаған болатын. Мұндай көшпелі есепті кездесулер қатары Тараз қаласының әкімдігінде түйінделді. Онда қала басшысы Айтқазы Қарабалаев облыс орталығының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берді.
Осы жылдың 7 айында ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп секторы, құрылыс салаларында өсім байқалады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғандағы көрсеткіш.
Шаһар басшысы мемлекеттік бағдарламалар аясында қабылданған шаралар туралы егжей-тегжейлі баяндады.
— «Жұмыспен қамтудың жол картасы» шеңберінде 16,9 млрд. теңгеге 389 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бүгінде 179 учаскедегі жұмыс толығымен аяқталды. Мердігерлер жергілікті өндірушілерді қолдап, олардың құрылыс материалдарын пайдалануда, — деп сендірді А.Қарабалаев.
Облыс әкімі құрылыс жұмыстарының сапасы мен орындалу кестесіне бақылаудың жоқтығын айтып, қала әкімдігін сынға алды.
Жұмыссыздық деңгейі 5,6 пайызды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 0,2 пайызға төмендеген. Жұмыспен қамту орталығында барлығы 6299 қала тұрғыны жұмыссыз ретінде тіркелген. Оның ішінде 4671 адам жұмысқа орналасты, яғни, 74,2 пайызы екі қолға бір күрек тапты. А.Қарабалаевтың айтуынша, олардың көпшілігі мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырудың арқасында жұмыспен қамтылған. Дегенмен, көрсеткіштер ойдағыдай емес. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында жаңа жұмыс орындарын құру жоспары 54,1 пайызға орындалған. Жұмыссыздарды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту көрсеткіші 47,2 пайызды, әлеуметтік жұмыс орындарын құру бойынша көрсеткіш 34,8 пайызды құрайды.
— Жұмыс орындарын ашуға мемлекет тарапынан көмек көрсетіліп, қаражат бөлінуде. Тараз қаласы әкімдігінің басшылығына барлық ведомстволардың жұмысын үйлестіру қажет еді. Енді жоспардың орындалмағанын айтпағанның өзінде, атқарылған жұмыстың сапасы да сын көтермейді, — деді Бердібек Сапарбаев.
Қала бойынша жалпы ұзындығы 36 388 метр науаларды, 400 метр кәріз құбырларын ауыстыру жоспарланған болатын. Науаларды алмастыру жұмыстарының тек 44,5 пайызы ғана аяқталған, ал кәріз құбырларын жаңалау жұмысы әлі басталмағаны белгілі болды. Жоспар бойынша бұл жұмыстар 15 қыркүйекте аяқталуы тиіс еді. Сондай-ақ, 61 аулада абаттандыру жұмыстары аяқталған, 93 аулада жалғасуда. Алайда 9 аулада бұл жұмыстар әлі қолға алынбаған.
Бердібек Сапарбаев кемшіліктерді реттеу бойынша нақты мерзімдерді белгілеп берді. Сондай-ақ қоқыс шығарумен байланысты мәселелерді шешуді тапсырды.
Айтқазы Қарабалаевтың айтуынша, қалада қоқыс шығару қызметін 8 компания атқарады. Олардың балансында 52 бірлік техника бар. Егер өткен жылы «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС-нің автопаркі 27 көлікке жаңартылса, биыл тағы 4 машина сатып алынған. Соған қарамастан, техника тапшылығы әлі бар.
— Егер ол компаниялар өздерін техникамен қамтамасыз етіп, қалыпты жұмыс жүргізе алмаса, онда басқа компанияларға осы бизнесті жүргізуге мүмкіндік беріңіздер. Күн сайын қаладағы қоқысқа қатысты тұрғындардан шағымдар түсуде. Шынын айтсам, қалалықтардың алдында маған ұят. Облыс орталығында мұндай мәселе болмауы керек. Қала әкімінің осы салаға жауапты орынбасары таңертеңнен кешке дейін тазалық пен тәртіпті жеке өзі қадағалап отыруы тиіс. Қоқыс мәселесін толығымен шешу үшін тура бір ай уақыт беремін. Біз бұл тақырыпқа енді оралмайтын болайық. Олай болмаған жағдайда, оған жауапты адамдардың жеке жауапкершілігі қаралатын болады, — деп ескертті Бердібек Сапарбаев.
Аймақ басшысы тараздықтардың жыл сайын жүргізілетін қаладағы құрылыс жұмыстарынан жалыққанын тілге тиек етті:
— Алдымен жылу желілерін жөндеу үшін, содан кейін кәріз құбырларын ауыстыру үшін жолдарды қазасыздар. Бұл жұмыстарды қатар жасауға болмай ма? Мұндай әдісті біржола доғару керек. Келесі жылы барлық жұмыстар бір уақытта жүргізілуі үшін нақты жоспар әзірлеңіздер.
Естеріңізде болсын, биылғыдай ыстық су уақытылы берілуі тиіс. Келесі жазда ыстық суды бүкіл маусым бойы өшіру туралы ойға да алмаңыздар. Біз бұл тәжірибеге енді ешқашан оралмайтын боламыз, — деді аймақ басшысы.
Жөндеу-құрылыс жұмыстарының сапасын, санитарлық тазартуды және облыс орталығын абаттандыруды арнайы құрылған 11 мобильді топ бақылауы қажет.
Кездесуде саяжай алаптары тұрғындарының коммуналдық салаға қатысты мәселелері де көтерілді. Айтқазы Қарабалаев бүгінде тиісті құжаттары дайындап жатқанын айтып, барлық мәселелердің шешімі табылатынына сендірді.
— Тұрғындар сіздердің жоспарларыңыздан барынша хабардар болғаны абзал. Қоғамдық бақылауды ұйымдастыру керек. Халықпен кездесулерде көтерілген әр тақырып бойынша нақты түсіндіру жұмыстарын жүргізіңіздер, — деді Бердібек Сапарбаев.
Түсіндіру жұмыстарын күшейту керектігі айтылды. Тараздықтар қала әкіміне қолы жетпеген соң, көбіне өз өтініштерін облыс әкімдігіне жолдауда. Екі ай ішінде аймақ басшысының атына қалалық қызметтердің жұмысына қатысты 840 шағым түскен. Қала әкімдігі бар болғаны 241 өтінішке ғана жауап берген.
— Он күн ішінде барлық өтініштерге жауап дайын болуы керек, — деп талап етті облыс әкімі.
Оқу жылы басталғалы қаланың 60 мектебінде бастауыш сынып оқушыларының ата-аналарының өтініштері негізінде 456 кезекші сынып құрылды.
— Кезекші сыныптардың санын көбейтуге мүмкіндіктер жеткілікті. Бұл іспен ешкім белсенді айналысып жатқан жоқ. Әр мектеп жеке-жеке қарастырылуы керек. Дәстүрлі оқыту форматы мәселесі әлі де ашық күйінде қалып отыр, — деді Бердібек Сапарбаев.
Облыс әкімі қашықтықтан оқу процесінде тәрбие мәселесі ешкімді алаңдатпайтындығына қынжылды. Жасөспірімдер арасындағы зорлық-зомбылық фактілері толғандырады. Тараздық 55 оқушы құқық қорғау органдарының есебіне алынған.
— Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу кешенді түрде қарастырылуы керек. Себептерімен күреспей, бұл мәелені жою мүмкін емес, — деп атап өтті облыс әкімі.
Жалпы, қаңтар-шілде айларындағы мәлімет бойынша Таразда 1855 құқық бұзушылық тіркелген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 40,4 пайызға аз.
Кездесу барысында Тараз қаласының басшылығына облыс орталығындағы бейнекамералардың жеткіліксіз екендігі ескертілді. «Қауіпсіз қала» жобасы әлі де талқылануда. Қысқа мерзімде терроризмге қарсы комиссия құру, діни радикализмнің алдын алуды күшейту жүктелді.
Сондай-ақ, азаматтарға берілетін әлеуметтік төлемдерді уақтылы қамтамасыз етуді, тартылатын инвестициялар көлемін ұлғайтуды, бизнесін кеңейтуді қалайтын кәсіпкерлерді қолдауды және коронавирус пандемиясының екінші толқынына тыңғылықты дайындалуды тапсырды.
— Кабинетте отырып алып, бәрі біткен соң әрекет етесіздер. Құрғақ сөздерден арылып, нақты нәтижелерге жұмыс жасау керек,- деп сөзін аяқтады Бердібек Сапарбаев.
Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі