Отан қорғаушылар күніне орай «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы Тараз қаласындағы штабында «Ашық есік күнін» ұйымдастырды. Іс-шараға Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев және түрлі мемлекеттік күш құрылымдарының басшылары қатысты.
«Оңтүстік» ӨҚ әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Қайдар Қарақұлов штаб аумағы бойынша экскурсия жүргізіп, ондағы нысандармен таныстырды. Қонақтар әскери техниканың үлгілері орнатылған ашық аспан астындағы мұражайды тамашалап, басқару пунктін аралап, спорт алаңын, әскери бөлім инфрақұрылымының басқа да элементтеріне қанықты.
Сондай-ақ, «Оңтүстік» ӨҚ әскерлерінің қолбасшысы алғашқыда Оңтүстік әскери округі деп аталған өңірлік қолбасшылығының құрылу тарихына тоқталып өтті.
Мемлекет басшылығының шешімімен 2000 жылы Оңтүстік әскери округі құрылып, штабы Тараз қаласында орналасты. Оның жауапты аймақтарына Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстары енген. Оңтүстік әскери округінің басты міндеті – елдің оңтүстік стратегиялық бағыттағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Өз кезегінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев әскерилерді Отан қорғаушылар күнімен құттықтады.
— Сіздерге тұрғындардың тыныштығын қорғау және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша аса жауапты міндет жүктелген. Бұл міндетті абыройлы атқаруға тиіссіздер, — деді аймақ басшысы жиналғандарға.
Сонымен қатар, Бердібек Сапарбаев ҚР Ұлттық ұланының 5513 әскери бөлімінде болды. Облыс әкімі өткен жыл еліміз үшін, соның ішінде біздің облыс үшін оңай болмағанын атап өтті. Әскери қызметшілер барлық сыннан лайықты өте білді. Қордай оқиғасы кезінде тұрғындардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілді.
— Әскери қызметшілер отандастарымыздың игілігі үшін нағыз жауынгерлік ерліктің үлгісін көрсетіп келеді. Сіздерді Отан қорғаушылар күнімен құттықтаймын. Әскери бөлімдерде аға буынның батырлық және жауынгерлік дәстүрлеріне негізделген патриотизм мектебі қалыптасты, — деп атап өтті облыс әкімі.
Бердібек Сапарбаев Ұлттық ұланның ерекше көзге түскен офицерлері мен сарбаздарына наградалар табыс етті.
Аймақ басшысы мерзімді-әскерге қабылданған сарбаздармен кездесіп, оларды замандастары мен өздерінен кейінгі інілері үшін ар-намыстың, жауапкершілік пен патриотизмнің үлгісі болуға шақырды.
— Спортпен белсенді шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстаныңыздар. Әскери қызмет ету әрбір – қашаннан азаматтың қасиетті борышы, ерлік мектебі саналады. Сондықтан жас ұрпақ осы дәстүрлерді жалғастыруы маңызды. Үйге оралғанда да, білім алып, өздеріңізді дамытуға уақыт бөліп, адал еңбек етіңіздер, — деді Бердібек Сапарбаев.
Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі






