Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте колледждерді сенімгерлікке беру жайы қаралды.
Өңір экономикасын дамытудағы негізгі күшке ие өнеркәсіп саласын алға бастыру қазіргі уақытта өзекті мәселелердің санатында тұр. Бұл мақсатқа жету жолында сапалы кадр дайындау аса маңызды. Өкінішке қарай облыста жұмыс істеп тұрған 46 колледж бұл үдеден қаншалықты шығып отыр. Аталған жиында бұл мәселе жан-жақты сараланды.
Басқосуда білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Талғат Жамалов баяндама жасады. Аймақ басшысы саны көп, сапасы жоқ арнаулы орта оқу орындарын біріктіріп, уақыт талабына қарай икемдеу қажеттігін баса айтты.
– Бір ауданда бірнеше колледж жұмыс істейді. Көпшілігінен білім алып шыққан студенттер өз мамандығын жете меңгермеген. Оқыту барысында болашақ қызметінің қыр-сырын көзбен көріп, өздері іске араласпаған соң олардан не күтуге болады? Мәселен ауыл шаруашылығы саласы бойынша оқып, бірде-бір рет егіс даласында болмаған «мамандар» бар. Сондықтан олардың өндірістік тәжірибеден өтуін қатаң қадағалау керек. Оқу ордаларын біріктіріп, сапалы білім беруге көшуіміз қажет, – деді Б. Сапарбаев.
Талғат Жамалов сенімгерлікке беру мәселесі білім ордаларының пайда табу ықтималдығы төмен болуына байланысты кәсіпкерлер тарапынан қолдау таппай отырғанын жеткізді. Мәселен, бизнес-қауымдастық өкілдері №5 Жаңатас, №17 Жамбыл, №2 Қаратау колледждерін басқаруға алудан осы себепті бас тартқан. Нақты айтқанда «Еврохим удобрения» ЖШС директоры В. Бугаев ұзақ уақыт келіссөздерден кейін химия өнеркәсібіне қатысы жоқ мамандарды дайындап келген білім ошағын қарамағына алуды жөн көрмепті.
Сондай-ақ, аймақ басшысы басқарма басшылығының 2018 жылы Тараз химия-технологиялық колледжін қосу жолымен қайта құрылған Жамбыл жоғары политехникалық колледжін тағы да екіге бөлу туралы ұсынысын да жарамсыз деп тапты. Т. Жамаловтың берген ақпаратына сәйкес оңтайландыру кезінде екі мекеменің штаттық құрамы сәйкестендірілмеген. Осының салдарынан, артық 120 қызметкердің жұмыстан қысқару мәселесі туындап отыр. Жағдайдан шығу үшін фосфор класстеріне мамандар дайындайтын жаңа оқу орнын ашуды жөн деп тапқан құзырлы орган осылайша оқытушыларды жұмыссыз қалудан сақтап қалмақшы екен. Шешімнің асығыс және ойланбастан қабылданғанын айтқан облыс әкімі жаңа колледж ашу арқылы тек қажетсіз басшылар санын ғана көбейетінін айтып, тығырықтан шығудың басқа жолдарын қарастыруды тапсырды.
Сонымен қатар Б. Сапарбаев аймақтағы дуальді оқыту жүйесі бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар республикалық деңгейден төмен болып отырғанын жеткізді.
– Студенттерге білім беруге есептелген уақыттың 60 пайызы практикалық, 40 пайыз теориялық оқытуға жұмсалуы қажет. Мен кәсіпорындарды аралап, басшыларымен сөйлескен кезде аймақта дайындалатын мамандардың басым бөлігінің біліктілігі сәйкес келмейтіні, олар алған мамандықтардың өндіріс саласына еш қажеті жоқтығы айтылады. Осының салдарынан өңірдегі ірі кәсіпорындар Ресейден мамандар алдыруға мәжбүр болып отыр. Бұл бірінші кезекте білім басқармасының олқылығының салдары. Сіздер өндіріс ошақтарымен тығыз байланыс орнатып, соларға қажетті кадрларды оқытуды жолға қоюларыңыз қажет, – деді өңір басшысы.
Сондай-ақ, жиында колледждердің өз есептеріне пайда түсіру мәселесі де қозғалды. Теңгерімдерінде қымбат техникалар, қажетті қондырғылар бола тұра оларды пайдалана алмай отырған білім ошақтарының жұмысын сынға алған облыс әкімі мемлекеттің қаржыландыруына қарап отырмай, қолда бар мүмкіндікті пайдалану қажеттігін айтты.
– Мысалға, Тараз сервистік-техникалық колледжінде облыс орталығындағы қымбат мейрамханаларда жоқ асханаға арналған қондырғылар бар. Олар неліктен өздері ас пісіріп, дүкендерге сатпайды? Сол секілді ауыл шаруашылығы колледждерінде экскаватор, кран, комбайн секілді техникалар тұр. Соларды құрылысқа, егіс маусымында жалға берсін. Тіпті, болмаса студенттері айдасын. Осылайша мекеме бюджетіне қаржы түседі. Білімгерлер де табыс табады. Осыны назарға алыңыздар, – дед облыс әкімі.
Жиын соңында арнаулы орта оқу орындарын сенімгерлік басқаруға беру мәселесіне қатысты өзге де тараптардан жауап алынып, нақты тапсырмалар жүктелді.
Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі