«Жақын арада Алматы облысында алғашқы атом электр станциясын салу жөнінде қажет келісімдерді жасаймыз. Сондай-ақ, екінші, үшінші атом электр станциясының орындарын анықтау үшін өңірлерде талдау аяқталуға жақын», — деді премьер.
Айта кетейік, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атом электр станциясының құрылысын жеделдету керек екенін мәлімдеді.
«Атом электр станциясының құрылысын жеделдету керек. Мен Ana tili газетіне берген сұхбатымда екі үлкен станция салатынымызды айттым. Олардың саны тіпті үшеу болуы да мүмкін. Қазақстанды ядролық энергетикасы дамыған, жасанды интеллект қолданылатын, цифрландыру толық көлемде жүргізілген елге айналдыруымыз керек», — деді Мемлекет басшысы бұған дейін.
Еске салайық, бүгін, 28 қаңтарда Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр.
Отырыс барысында еліміздің былтырғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары шығарылып, Үкіметтің алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттері айқындалады. Премьер-министр Олжас Бектенов, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов және бірқатар өңір әкімдері баяндама жасайды.