Жақында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, танымал журналист, өңірлік журналистиканың ақсақалы Бекет Момынқұлдың 70 жылдық мерейтойы Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының ұйытқы болуымен салтанатты түрде аталып өтті. Қаламы өткір, сөзі – шындықтың айнасы болған ардагердің бұл мерекесі – руханиятқа, тележурналистика мен әдебиетке сіңірген еңбегінің халық алдындағы зор бағасы болды.
Мерейтойлық іс-шара жазушының шығармашылық жолын қамтыған фотокөрмені тамашалаудан басталды. Онда Бекет Момынқұлдың әр жылдардағы өмір белестері мен еңбектері фотожинақ арқылы көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар жүргізуші мерейтой иесінің өнегелі өмірі жайлы салтанатты сөз сөйледі. Бұдан соң «Өмір жолы – өнеге» атты бөлімде арнайы дайындалған бейнеролик көрсетілді.
Сахна төрінде Бекет Момынқұлмен жүргізілген сұхбат барысында қаламгер журналистикаға келу жолы, Жамбыл телеарнасындағы алғашқы күндері, Шерхан Мұртазамен шығармашылық байланысы, қоғам мен жастар жайлы ой-толғамдарымен бөлісті. Сонымен қатар шәкірт тәрбиелеудегі өзіндік тәжірибесі де ортаға салынды.
Шара барысында қоғам және қаламгерлік ортада абыройлы азаматтардың жылы лебіздері айтылды. Ардагер журналист Асқарбек Сейілхан:
–Бекет – адалдық пен шындық жолында қалам тербеген жан. Ол өмір бойы елім деп еңбек етті. Шер-ағаң сынды тарландармен қатар жүріп, олардың мектебінен өтті, – деді.
Медицина ғылымдарының докторы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Сағындық Ордабек өз сөзінде былай деді:
– Бекет Момынқұл – өзінің қаламымен, қайраткерлік болмысымен елге танылған тұлға. Жас журналистер үшін ол – өнеге мектебі. Ең бастысы – бойындағы қарапайымдылық пен шынайылық секілді қасиеттері кейінгіге үлгі. Біз де оның ел үшін сіңірген еңбегін бағалаймыз, – деп жоғары бағасын берді.
Қасқырбай Нарбатыров болса:
– Ол кісінің жазған дүниелері – журналистиканың шынайы шежіресі. Жас буын оның еңбектерін оқып, тәлім алуы керек, – деп атап өтті.
Ал журналист, ақын Нұржан Қадірәлі мерейтой иесіне арнаған жүрекжарды арнауын оқып, кеш шырайын аша түсті.
Мерекелік әдеби кеште Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемов арнайы келіп, облыс әкімінің құттықтау хатын табыстап, иығына шапан жапты.
– Бекет аға – өңір руханиятының тірі шежіресі. Сіздің жазбаларыңыз – ұлттың үні, елдің жадында қалатын құнды дүниелер, – деді Серік Жақсылықұлы.
Аталмыш шара барысында Қазақстан Жазушылар одағы мен Журналистер одағының Жамбыл облыстық филиалдары, облыстық және қалалық ардагерлер кеңесі, мәдениет басқармасы мен аудан делегациялары, Жамбыл телеарнасы, Aulieata Media ұжымы, «Знамя труда» редакциясы және шәкірттері тарапынан да жүрекжарды құттықтаулар айтылып, естеліктер ортаға салынды.
Шәкірттері атынан ардагердің жұбайы мен дәрігеріне гүл шоқтары табысталып, құрмет көрсетілді.
Сондай-ақ мерейтой барысында Бекет Момынқұлдың жаңа еңбегі – «Момышұлы әлемі» кітабының таныстырылымы өтті. Бұл шығарма – жазушының ел мен ер, тәрбие мен тағылым туралы ой-толғамдарын қамтыған терең дүниесі. Аталған кітапты алтын сандықтан облыстың зиялы қауым өкілдері – Серік Сәлемов бастаған Ермек Солтыбаев, Жаңабай Миллионов және Хамит Есаман салтанатты түрде алып таныстырды.
Бұл күн – қаламгер Бекет Момынқұлдың ғана емес, бүкіл өңір руханиятының мерейлі сәтіне айналды. Ардагердің өнегелі өмірі мен шығармашылық жолы – жас ұрпаққа үлгі болары анық.