Сарысу ауданы әкімінің 2026 жылғы 20 қазандағы № 95-ж/қ өкіміне сәйкес, Шалабаев Бейсен Қалиханұлы Сарысу ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі лауазымынан босатылып, ауысу тәртібімен бөлім басшысы лауазымына тағайындалды. Жаңадан тағайындалған бөлім басшысын аудан әкімі Сәкен Мамытов құттықтап, жұмысына сәттілік тіледі. Сонымен қатар, аудандағы жұмыссыз азаматтарды, жастарды тұрақты жұмысқа орналастыру, қоғамдық жұмыстарға, әлеуметтік жұмыс орындарына және кәсіптік оқытуға тарту бойынша нақты шаралар қабылдауды; атаулы әлеуметтік көмек және өзге де әлеуметтік қолдауға, көмекке мұқтаж азаматтарды анықтау, әлеуметтік төлемдердің заңдылығы мен негізділігін бақылау және мемлекеттік қолдаудың нақты мұқтаж отбасыларға бағытталуын қамтамасыз етуді; аз қамтылған, көпбалалы және толық емес отбасылардың мәселелерін шешу бойынша тиісті мемлекеттік органдармен бірлескен жұмысты ұйымдастыруды және басқа да жұмыстар бойынша тиісті тапсырмалар жүктеді. Мұнан соң аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Сахарап Қырғызбаев және аудандық ардагерлер кеңесі мүшесі Татубай Айбеков те ізгі тілектерін жолдап, жемісті қызмет ете беруіне тілектестігін жеткізді.
🔰Шалабаев Бейсен Қалиханұлы, 1989 жылы 6 қарашада Сарысу ауданы, Байқадам ауылында дүниеге келген.
Білімі жоғары. 2011 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «экономист» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 2011 жылы Сарысу ауданы әкімі аппаратында хатшы болып бастаған.
2012-2014 жылдары Сарысу ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы, 2014-2016 жылдары, Сарысу ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары, 2016-2017 жылдары Жаңатас қаласы әкімінің орынбасары, 2017-2018 жылдары Сарысу ауданы әкімі аппараты ұйымдастыру-инспекторлық бөлімшесінің басшысы, 2018-2021 жылдары Сарысу ауданы әкімдігі кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы, 2021-2022 жылдары Сарысу ауданы әкімі аппаратының басшысы, 2022 жылдың маусым айынан бастап бүгінгі күнге дейін Сарысу ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі қызметтерін атқарған.
Отбасылы 3 ұл 2 қыз тәрбиелеуде.





