Батыр рухына тағзым етті
2017 жылдың 11 қарашасында Жамбыл облысы Ішкі істер департаментінің аллеясында Халық Қаһарманы Ғ.Байтасовты еске алуға арналған салтанатты іс-шара өтті.
Аталған шараға ІІД басшы және жеке құрамы, ішкі істер органдары ардагерлері, қалалық әкімшілік және білім беру мекемелері мен қоғамдық бірлестіктер өкілдері қатысты. Жиын барысында қатысушылар қызметтік міндетін орындау кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлерін бір минуттық үнсіздікпен еске алып, Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасовтың бюстіне гүл шоқтарын қойды.
Гүл шоқтары қойылғаннан кейін Жамбыл облысы ІІО мен Ұлттық гвардия Ардагерлер кеңесінің төрағасы Өрнекбай Смайылов пен батырдың жары Гүлжамал Тәжиева сөз сөйлеп, рухына тағзым етуге келген барша еске алушыларға алғысын білдірді.
Г.Тәжиева өз сөзінде «Ғазиздың қаза болғанына 6 жыл өтсе де, оның ерлігін халқы ұмытпайды. Әріптестері әркез естен шығармай, батырлығын ұрпаққа үлгі етіп отырады. Бұл біз үшін үлкен қолдау. Сол кездегі лаңкестің қолынан қаза болған Ғазиздың қызметтестері Полат Аянқұлов пен Жақсылық Байсейітовтердің отбасына да ІІД басшылығы тарапынан әрдайым қолдау көрсетіліп тұрады. Осы үшін басшы құрамға да алғысымды білдерімін» деп жүрекжарды лебізін жеткізді.
Қапыда құрбан болғандардың даңқын дәріптеу, ұлтқа ұран, ұрпаққа аманат. Бүгінгі іс-шара соның бір айғағы.
Жамбыл облысы ІІД Баспасөз қызметі