Байзақ ауданында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» атты Жалпыұлттық коалиция өкілдерінің қатысуымен бірқатар түсіндіру кездесулері өтті.
Кездесулерге республикалық мүшесі — Гүлдара Нұрым, облыстық коалиция мүшелері – Фарида Жүнісова, Жалил Аббосов, Нұржан Мүсілімов, Гүлмайра Момбекова, Исламбек Дастан қатысты.
Коалиция мүшелері Байзақ аудандық орталық емханасының ұжымымен, «Электр желілерін тарату» ЖШС қызметкерлерімен, «Әулие-Ата Феникс» ЖШС еңбек ұжымымен, Мырзатай және Қостөбе ауылдарының тұрғындарымен, сондай-ақ аудандық ардагерлер кеңесі мүшелерімен жүздесті.
Жиындар барысында Конституцияға енгізілетін өзгерістердің мәні мен маңызы түсіндіріліп, азаматтардың сұрақтарына жауап берілді. Қатысушылар алдағы референдумның ел болашағы үшін маңызды екенін атап өтіп, белсенділік танытуға ниетті екендерін жеткізді.








