Экологиялық мәдениет пен туған жерге деген сүйіспеншілік — әрбір саналы азаматтың бойындағы басты қасиеттердің бірі. Қазіргі таңда елімізде қарқын алған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы жай ғана мезгілдік шара емес, ұлттық сананы жаңғыртатын, қоғамды ортақ игілік жолында жұдырықтай жұмылдыратын ұзақ мерзімді үрдіске айналды.
Мемлекет басшысы өз сөздерінде тазалық пен өркениеттің бір-бірінен ажырамас ұғымдар екенін бірнеше мәрте ерекше атап көрсетті. Шын мәнінде, «Таза Қазақстан» — бүгінгі күннің ғана емес, болашақтың іргетасы. Елдің тазалығы мен ұқыптылығы мәдениетті қоғамның басты көрсеткіші саналады. Себебі тазалық пен немқұрайлылық ешқашан қатар жүрмейді.
Президент атап өткендей, экологиялық таза орта қалыптастыру жұмыстары ең алдымен өсіп келе жатқан өскелең ұрпақтың жарқын болашағы үшін аса қажет. Әрбір қазақстандық туған өлкесінің табиғатына жанашырлықпен қарап, оның көркіне сызат түсірмеуді өзінің парызы санауы тиіс. Бұл ретте ішкі мәдениет пен саналы көзқарас шешуші рөл атқарады, өйткені ниеті мен ойы түзу адамның әрбір қадамы да ел игілігіне бағытталады.
Осындай маңызды идеяларды іс жүзінде жүзеге асыру мақсатында жуырда Жамбыл облысы Байзақ ауданының орталығы Сарыкемер ауылында және барлық ауылдық округтерінде ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Бұл экологиялық шараға аудандық әкімдіктің қызметкерлері, жергілікті тұрғындар, белсенді жастар мен волонтерлер ерекше ықыласпен қатысып, туған жерін көркейтуге өз үлестерін қосты.
Атап айтқанда, Сарыкемер ауылындағы маңызды көлік күре жолдарының бірі — Тараз – Сарыкемер – Түймекент – Акшолақ бағытындағы жол бойы толықтай қоқыстан, қураған ағаш бұталары мен қажетсіз шөп-шарлардан тазартылды. Аумақты ретке келтіру жұмыстарына арнайы техникалар жұмылдырылып, жиналған жүздеген тонна қалдықтар аудандағы «Алди и К» ЖШС полигонына қауіпсіз түрде жеткізіліп, жойылды.
Алайда экологиялық акциялардың басты мақсаты — бір күндік тазалықпен шектеліп қалу емес, табиғатқа деген ұқыпты көзқарасты тұрақты әдетке айналдыру. Көшелердің тазалығы мен аумақтардың абаттандырылуы тек коммунальдық сала жұмысшыларының ғана емес, әрбір тұрғынның тікелей жауапкершілігіне тіреледі. Ретке келтірілген жерлердің қайтадан ластануына жол бермеу және стихиялық қоқыс орындарының пайда болуына қарсы тұру — ортақ міндет.
Сонымен қатар, табиғатты қорғау мен оны байыту ісі көшет отырғызу және оларға тиісті күтім жасаумен де тығыз байланысты. Әрбір егілген ағаш пен жасыл желек — ауылымыздың экологиялық ахуалын жақсартып қана қоймай, көз қуантарлық көркем келбет сыйлайды.
Қорыта айтқанда, туған өлкенің әрбір көшесінің тазалығы, аулалардың абат түрі мен табиғатқа деген қамқорлық — біздің мәдениетіміздің айнасы. Олай болса, тазалықты сақтауды өзімізден бастап, келешек ұрпаққа үлгі көрсетейік, өйткені ұлы істер қарапайым ғана ізгі қадамдардан басталмақ.







