Аудан көлемінде ағымдағы жылы елді мекендердің маңын көгалдандыру мақсатында, «Жасыл белдеу» өңірлік жоспарына сәйкес 45 000 дана әр түрлі ағаштар отырғызылған, олардың жағдайы қазіргі таңда қанағаттанарлық.
Мұндай мәліметті аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткізілген аудандық Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы Байзақ ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесінің бас инженері Мақсат Заурбеков келтірді. Қоғамдық кеңес төрағасы Жұманғали Құмғанбаевтың төрағалығымен өткен отырысқа аудан әкімінің орынбасары Болат Сағынбеков, кеңес мүшелері, тиісті бөлім, мекеме басшылары, спорт мектептерінің директорлары, ауылдық округтер әкімдері мен мамандары шақырылды.
Аталмыш жиында кеңес мүшелері «Аудан аумағының табиғатын қорғау және жер ресурстарын тиімді пайдалану бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы» Байзақ аудандық ормандар және жануарлар дүниесін қорғау мемлекеттік мекемесінің бас инженері Мақсат Заурбековтің, «Ауданда бұқаралық және ұлттық спорт түрлерін дамыту және оған жастарды баулу жұмыстарының атқарылу барысы туралы» аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Сағынбек Жүнісбековтің есептерін тыңдады. Алдымен отырыстың күн тәртібі мен регламенті бекітілді.
Мекеме иелегіндегі мемлекеттік орман қорының жалпы жер көлемі 22 1640 гектарды, оның ішінде, орман екпе ағашымен көмкерілген жерлер көлемі 135 458 гектар немесе жалпы мемлекеттік орман қоры жерлерінің 61,1 пайызын, жайылымдық жер 52 626 гектар, шабындық жер 21 246 гектарды құрайтынын жеткізген баяндамашы биыл 150 гектар алқапқа (270,0 мың дана) сексеуіл ағашы көшеттен және 30 гектар алқапқа (65,0 мың дана) сексеуіл ағашы көшеттен қосымша отырғызылғанын айтты. Сондай-ақ, 3 500 дана қылқан жапырақты ағаштардың көшеттері отырғызылып, бекітілген жоспарға сәйкес, тұқымбақтың 4,5 гектар аумағына қарағаш тұқымы себілген.
Мемлекеттік орман қорындағы шабындықтар мен жайылымдық алқаптар, орманды жанама пайдалану мақсатында 239 тұлғаның өтініші қанағаттандырылған. Оларға мал жаюға жайылымдық ретінде 147 тұлғаға, шөп шабуға шабындық ретінде 90 тұлғаға пайдалануға және 2 тұлғаға саңырауқұлақ дайындауға орман билеті берілген.
Үстіміздегі жылы орман және жануарлар дүниесін рұқсатсыз пайдалану мен орманда өрт қауіпсіздігі ережесінің сақталуын қадағалау мақсатында, барлығы 65 рейдтік жұмыстар жүргізіліпті. Орман заңдылықтарының бұзылу оқиғаларына 48 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, орман заңдылықтарын бұзғаны үшін 585,3 мың теңге айыппұл және табиғатқа келтірген залал ретінде 582,4 мың теңге салынып, толық өндірілген.
Мақсат Заурбеков мемлекеттік орман қоры учаскелерінде орман қорын күзету, қорғауға автокөліктер қажеттігін, ормандарды толықтыру және өсіру бойынша тиісті техникалар мен агрегаттар жеткіліксіздігін, орман қоры жерінде арнайы сексеуіл тұқымдарын жинайтын алқаптардың жоқтығын, әлі де 4 орманшыға үйлер қажеттігін, мекемедегі орман – күтушілердің мініс атымен немесе мотоциклмен қамтылмағанын жасырмады. Аталмыш мәселеге байланысты Қоғамдық кеңестің «Аграрлық саясат, ауылдық аумақтарды дамыту, табиғатты және жер ресурстарын пайдалану, техногендік үрдістер, кәсіпкерлікті қолдау, құрылыс, көлік және коммуналдық шаруашылық салаларын дамыту мәселелері жөніндегі комиссиясы» төрағасы Серік Ермеков қосымша баяндама жасап, алдын ала жүргізілген зерделеу жұмыстары барысында анықталған мәселелер бойынша бірқатар ұсыныстар берді.
Отырыстың күн тәртібіне шығарылған «Ауданда бұқаралық және ұлттық спорт түрлерін дамыту және оған жастарды баулу жұмыстарының атқарылу барысы туралы» есеп берген аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Сағынбек Жүнісбеков аудан халқының жалпы санынан дене шынықтыру және спортпен шұғылданушылар санының тұрақты өсуі байқалатынын атап өтті. 2020 жылдың қорытындысымен дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар үлесі жалпы халықтан 32,1% құраса, бұл көрсеткіш 2021 жылдың 1 қарашасына 36,5% немесе 40 390 адамды құраған. Оның ішінде, 11 517 адам 14 жасқа дейінгі балалар, 15 642 адам 14-29 жас аралығындағы жастар (жалпы жастар санынан 64,5%) және 13 231 адам 29 жастан асқан аудан азаматтары. Баяндамада аудан бойынша 276 спорт нысанының атқарып отырған жұмыстары, спорт нысандарының аудан тұрғындарына қолжетімділігі, арнайы жаттығу кестелерінің әзірлігі, аудандық полиция бөлімінде тіркеуде тұрған балаларды спортпен жүйелі түрде айналысуға тарту, спорттық — бұқаралық іс-шараларды өткізу барысы, асық ойындары, көкпар, ат спорты ойындары, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, құсбегілік және жамбы ату сияқты ұлттық спорт түрлерінің жандануы, спортшылардың қол жеткізген жетістіктері кеңінен айтылды. Қазіргі таңда, спорт мектептерінің спортшылары түрлі деңгейдегі жарыстарда жалпы 186 медальдарға қол жеткізген. Оның ішінде, 55-і алтын, 77-сі күміс, 54-і қола медальдар. Сонымен қатар, спорт мектептерінің 1 спортшысы Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 5 спортшы ҚР-ның спорт шебері, ал, 18 спортшы ҚР-ның спорт шеберіне үміткер нормативін орындаған. 2020-2021 жылдары Республикалық деңгейде жарыстарда 42 спортшы жүлдегер атанса, ресми халықаралық спорттық іс-шараларда 6 спортшы Қазақ елінің туын көкке желбіреткен.
Аталған бөлім тарапынан мемлекеттік қызметтердің екі түрі көрсетілетінін айтқан Сағынбек Жүнісбеков бүгінде халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы біріктірілген ақпараттық жүйемен халыққа электронды түрде қызмет көрсету үшін тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Қызметтер 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап, халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы электронды түрде көрсетілетін болады.
Мемлекеттік қызметтер бойынша ағымдағы жылы барлығы 27 қызмет көрсетілген. Оның ішінде 12 спорттық разрядтар беру, 14 біліктілік санаттарын беру өтініштері қанағаттандырылса, 1 өтініш мерзімінің өтуіне байланысты бас тартылған. Спорт саласы қызметкерлері арасында мемлекеттік қызметтерді көрсету бойынша 3 семинар-кеңес өткізілген.
Бұдан соң Қоғамдық кеңестің «Әлеуметтік — мәдени, білім беру, спорт, денсаулық сақтау салалары және қоғамдық, үкіметтік емес ұйымдармен байланыс мәселелері жөніндегі комиссиясының» төрағасы Дулат Жақыпбеков зерделеу жұмыстары жөнінде қосымша баяндама жасады. Күн тәртібіндегі екінші мәселеге байланысты облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының Байзақ ауданындағы №8 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Аслан Айтбеков пен Ж.Үшкемпіров атындағы №9 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Мият Мухимов жарыссөзге шықты.
Күн тәртібінде өзекті мәселелерді қамтыған Қоғамдық кеңес отырысына қатысушылар тарапынан баяндамашыларға сауалдар қойылып, оған тиісті жауаптар қайтарылып, айтылған ұсыныстар назарға алынды.
Жиында күн тәртібіне шығарылған әрбір мәселеге байланысты кеңес мүшелері Қарар қабылдады.