Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков көпбалалы аналарға «Алтын» және «Күміс» алқаларды табыстау рәсіміне қатысты.
Ең әуелі шаһар басшысы ізгі тілегін білдіріп, алтын құрсақты аналарға деген құрмет азаймайтынын атап өтті.
– Бүгінде әйелдерге жан-жақты жағдай жасау, көпбалалы аналарды қолдау және отбасы институтын нығайту – мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі. Соның нәтижесінде еліміздегі халық саны артып, үлкен демографиялық көрсеткішке қол жеткізіп келеміз.
Көне шаһар – Тараз тұрғындарының да саны жылдан жылға артып, бүгінде 480 мыңнан асып отыр. Ана мен баланы қорғау мақсатында да көптеген игі істер қолға алынып, жарқын жобалар жемісін беруде. Мұның барлығы біздің елімізде әйел азаматшалардың орны биік екенін айқындайды. Бүгінгі сіздермен жүздесуіміз де соның бір жарқын көрінісі, – деген Бақытжан Әмірбекұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығы бойынша 2 көпбалалы анаға «Алтын алқа», 15 анаға «Күміс алқаларын» тапсырды.
Айта кетейік, Тараз қаласында 2010 жылдан бері бүгінге дейін 2 774 ана «Алтын алқа», 2 823 «Күміс алқа» иесі атанды. Осылайша, жалпы 5 597 алтын құрсақты ана осындай құрметке кенеліп отыр.
Фотода Тараз қаласы әкімі Бақытжан Орынбеков пен Мақпал Жүнісова (Бақтияр Артаевтың келіні)