2024 жылғы 12 тамызда сағат 10.00-нан бастап «ҚазАгроҚаржы» АҚ ауыл шаруашылығы техниканы лизингке алу бағдарламалары — «Қазақстанда жасалған», «Өз жем-шөбіміз» және «6% Жеңілдікті лизинг» бойынша өтінімдер қабылдай бастайды.
Бұл бастама заманауи ауыл шаруашылығы техникасына сұранысты арттыру жағдайында отандық фермерлерді қолдауға бағытталған.
Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді қаржыландыру үшін лизингтің үш жеңілдікті бағдарламасы бойынша 11,8 млрд теңге бөлінді, оның ішінде «Өз жем-шөбіміз» бағдарламасына — 3,3 млрд теңге, «Қазақстанда жасалған» бағдарламасына — 5,5 млрд теңге, «6% Жеңілдікті лизинг» бағдарламасына — 3 млрд теңге.
«Бағдарламалар фермерлер мен агроөнеркәсіптік кешендерге нарықтық мөлшерлемеден едәуір төмен жеңілдікпен жаңа техниканы сатып алуға мүмкіндік береді. Тракторларды, комбайндарды және арнайы техниканы қоса алғанда, ауыл шаруашылығы машиналарының кең спектрін лизингке алуға болады», — деді «ҚазАгроҚаржы» АҚ басқарма төрағасы Айдар Прашев.
«Қазақстанда жасалған» бағдарламасы бойынша 10 жылға дейін мерзімге жылдық 6% мөлшерлеме бойынша отандық өндірістің/құрастырудың аспалы, тіркемелі және өздігінен жүретін а/ш техникасын, көлік құралдарын сатып алуға болады. Аванс — лизинг нысанасының құнының 15%-дан бастап.
«Өз жем-шөбіміз» бағдарламасы жем-шөп дайындау техникасы мен суарудың мобильді жүйелерін қаржыландыруға бағытталған. Мөлшерлеме — жылдық 6%, мерзімі — 10 жылға дейін, авансы — кемінде 15% (авансты төлеу бойынша кейінге қалдыру беріледі).
«6% Жеңілдікті лизинг» бағдарламасы 10 жылға дейінгі мерзімге аванссыз жеңілдікті шарттармен отандық өндірістің/құрастырудың өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасын лизингке сатып алуға мүмкіндік береді.
Өтінімдерді қабылдау Telegram-бот арқылы келесі сілтеме бойынша жүзеге асырылады: https://t.me/kaz_agro_finance_bot.
Telegram-бот арқылы өтініш берілген күннен бастап, 5 жұмыс күні арасында клиент «ҚазАгроҚаржы» АҚ филиалына барлық қажетті құжаттарды өткізуі тиіс.
Бағдарламалардың шарттары туралы толық ақпарат алу үшін «ҚазАгроҚаржы» компаниясының филиалдарына жүгіну қажет.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі